Қазақстанның банк секторы активтерінің сапасын бағалау аяқталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның банк секторындағы активтердің сапасын бағалау аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ұлттық банк баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Президентінің ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша 2019 жылғы 30 қаңтарда берген тапсырмасына сәйкес ҚР Ұлттық Банкі 2019 жылғы 8 айда ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған, қатысушы банктердің және тұтастай алғанда бүкіл қаржы индустриясының жай-күйі туралы қолжетімді ақпараттың сапасын және маңызын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берген банк секторы активтерінің сапасын бағалауды ұйымдастырып, өткізді.

«Банктер активтерінің жалпы көлемінің 87%-ы және несие портфелінің 90%-ы тиесілі ірі 14 банктің активтерінің сапасы бағаланды. Бағалаудың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін ҚРҰБ АСБ-ны халықаралық консультантпен және тәуелсіз аудиторлық компаниялармен бірлесіп өткізді. Қазақстанның банк секторының жай-күйі Еуропа Орталық банкінің (ЕОБ) әдіснамасына сәйкес зерделенді, ол бірыңғай халықаралық сапа стандарттарының сақталуына кепілдік береді және бағдарламаның нәтижелеріне халықаралық қоғамдастық тарапынан сенімді қамтамасыз етеді»,- деп хабарлады Ұлттық банк.

АСБ қорытындысы бойынша есеп дайындалды, ол қолданылған тәсілдің жалпы сипатын, активтер сапасын жүйелік деңгейде бағалау нәтижелерін және алдағы іс қимылдардың тізбесін қамтиды.

Активтер сапасын 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша шоғырландырылған деңгейде бағалау нәтижелеріне сәйкес (барлық қатысушы банктер нәтижелерінің агрегациясы) капитал тапшылығы байқалмайды; k1 және k2 нормативтері АСБ бағдарламасының нәтижелері ескеріле отырып жүйелік деңгейде артығымен орындалуда.

Қазіргі кезде активтер сапасын бағалаудың бірінші кезеңі аяқталды. 2019 жылғы қызмет нәтижелерін, қаржылық және реттеушілік есептілікті қалыптастыру ескере отырып, банктер реттеуші берген ұсынымдарды негізге алып, жан-жақты шаралар жоспарларын әзірлейді. Банктердің әрқайсысы бойынша жоспарлар Реттеушінің мақұлдауына жіберіледі. Көрсетілген процесс 2020 жылғы 15 ақпанға дейін аяқталады. Келісілгеннен кейін шаралардың орындалуын реттеуші қатаң қадағалап отырады.

АСБ-ның екінші кезеңінде банктермен жүргізілген жұмыстың қорытынды нәтижелерін Ұлттық Банк 2020 жылғы 28 ақпанда бағдарламаға қатысушы банктер бойынша береді.

Сондай-ақ АСБ қорытындысы бойынша тәуекелге бағдарланған қадағалауды жетілдіруге және банктердегі бизнес процестерді жақсартуға бағытталған жүйелік шаралар жайында бастама көтеріледі.

Қазақстан Республикасы екінші деңгейдегі банктері активтерінің сапасын жүйелік деңгейде бағалау нәтижелері бойынша есеп Ұлттық Банктің сайтында 2019 жылғы 30 желтоқсанда (бүгін) сағат 17:00-де орналастырылатын болады.



Соңғы жаңалықтар