Қазақстанның баламалы энергия көздері аукционда саудаланады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың 23 мамырында Қазақстанның баламалы энергия көздері жобаларын іріктеу бойынша алғашқы халықаралық аукцион өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аукционға шығаруға жоспарланған қуаттың жалпы көлемі 1000 МВт құрайды.

«Өткен жылдан бері аукциондық механизм бағытын дамытып, заңға өзгеріс енгіздік. Барлық ережелерді әзірледік. Аукционға жоспарланған 1000 МВт қуаттың 600 МВт астамы - жел стансылары болмақ, себебі Қазақстанның жел қуатындағы әлеуеті зор. Қалған 300-ден астам МВт - күн генерациясы, гидроэнергетика және биогаз қондырғыларына қатысты жобалар», -  деді ҚР Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Айнұр Соспанова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аукционға өтінім беру тәртібі барынша оңтайландырылды және оған төлем қабілетін растаған кез келген компания өкілі қатыса алды.

Сонымен бірге, аукционды өткізуге жауапты «Kорэм» АҚ төрағасының орынбасары Ержан Мәдиев сатылым тәртібін түсіндіріп берді.   

«ҚР Энергетика министрлігі сайтында аукцион кестесі жарияланды. Онда сатып алынатын энергияның көлемі, күн, жел мен су электр стансалары салынатын аймақтар және шекті тарифтер көрсетіледі.  Аукцион 3 сағатқа созылады және барлық қатысушыларға бірдей құқық беріледі. Нәтижесінде, баламалы энергияны ең арзан тарифпен сатамын деген қатысушы жеңімпаз атанады. Осылайша, күн, жел, я болмаса, су электр стансасын салып, сол жерде өндірген энергияны мемлекетке сата алады», - деп түсіндірді Ержан Мәдиев.

БЭК аукциондарын жылына екі рет өткізу жоспарланған. Көктемгі сатылымда шағын жобаларға, ал күзде - ірі жобаларға аукциондар өткізіледі.

Фото: energyministerial.kz

Соңғы жаңалықтар