Қазақстанның балалар омбудсмені 2 айда қандай жұмыс істелгенін айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сәуле Айтпаева Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі тағайындалғалы бері қандай жұмыстар атқарылғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі болып тағайындалған 2 айдың ішінде не істелді? Біз Алматы қаласында бірінші рет Үкіметтік емес ұйымдармен бірге бірлескен диалог өткіздік. Оған Білім және ғылым министрі, Денсаулық сақтау министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қатысты. Сонымен бірге, Орал қаласында балабақшалардың жұмысына қатысты мәселе болатын. Бұл мәселені арнайы сол жерге барып шештік. Оған Батыс Қазақстан облысының әкімі қатысты. Балалар жедел түрде балабақшаларына қайтарылды», - деді Сәуле Айтпаева Үкіметтің баспасөз орталығында өткен жиында.

Оның айтуынша, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айналысатын негізгі жұмыстарының бірі - азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау.

«Екі айдың ішінде 80-ге тарта өтінім келіп түсті. Өтінімдерді парақтап отырып, қандай ойға келуге болады? Біріншіден, отбасылық қарым-қатынас пен алименттік міндеттемелердің, әлеуметтік және тұрғын-үйлік құқықтық, балаларды тәрбиелеу мәселелері өткір болып отырғанын байқауға болады. Шағымдарды  қарай отырып, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі ретінде мен қазіргі қолданыстағы заңнаманың талаптарын өтінім берушілерге түсіндіре отырып, мемлекеттік органдарды, министрліктерді мәслені шешуге араластырып немесе билік өкілдерінің әрекет етуі немесе етпеуінің себебін түсіндіріп беремін. Жергілікті атқарушы органдар күнделікті өмір көрсетіп отырғандай азаматтардың заңнамалық құқықтары мен мүдделерін түсіндіріп бермейді», - дейді Сәуле Айтпаева.

Еске сала кетсек, Парламент Сенатының депутаты, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева екі ай бұрын Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалған болатын.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар