Қазақстанның бақытының кепілі - қазақ елінің бірлігі мен тұтастығы - Б. Тілеухан

None
None
анның 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  -    Қазақстанның бақытының кепілі - қазақ елінің бірлігі мен тұтастығы.

Бүгін Астанада бой көтерген  «Қазақ елі» монументінің ашылу салтанаты барысында сөз сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаттықтан асыл, тәуелсіздіктен тәтті ұғым жоқ. Ей, ежелден еркіндік аңсаған алаштың баласы, білеміз бе осы ұлы ұғымның қадірін?! Тебінгінің астынан ала балта суырып, тебінісіп келіп, ақырып, теңдік сұраған ата-баба арманын аялай аламыз ба?! Исатай, Махамбет, Кенесары, Сырым, Қалибек, Оспандардың жан қиып, «аһ» ұрған арманының қадіріне жеттік пе?! Ендігі арман  осы. Әлде, құлдықтың қыл бұрауы санаңды жәншіп, жаныңды жасытты ма?! Қалқанына қазан-қазан ет турап, жебесімен тіс шұқыған шерінің ұрпағы олай етпесе керек-ті! Тәуелсіздік - тәңірдің сыйы, дедік! Аңырағанымыз да рас еді, басында. Абыржымадық. Ақтарыла қуандық, апырақтамадық. Ақтамбердіше айтқанда: «Осынша берген дәулетті, көтеріп тұрар ма екенбіз?!», дедік те  сананы сілку керек болды бізге. Қу далада қырық жыл жұртын бастаған Мұса пайғамбардың жолындай қырық жылғы меже белгілеп - «2030»- дедік. Бұл бұлыңғырды серпу үшін керек. Отарлықты санадан аластаудың бір тәсілі де осы. Одан соң жарқын болашаққа жаңарған өлкеде, бәрін жаңадан бастау үшін жаңа Астана іздедік. Хан Кененің, аяулы, асыл Кенесарының бекінісі болған Ақмоланың - азат Қазақстанның астанасы болуы кездейсоқтық емес», деді Б. Тілеухан.  

Сонымен бірге, Қазақ елінің Тәуелсіздігінің баяндылығына тоқталған депутат, «Ерім деген елінің қадірін білгенде, Тәуелсіздіктің де баянды бола түсетінін» атап өтті.

«Баю үшін арын сатқан, тою үшін тонын сатқан, тілінен безіп, дінінен жеріген, бейбақ Қазақстанды ұшпаққа шығармайды. Қазақстанды ұшпаққа шығаратын сенің бірлігің, сенің тұтастығың. Осы дүниенің өзі Қазақстанның бақытының кепілі. Тілің, дінің аман,  бауырың бүтін, рухың бұла, мекенің берекелі болғай, намысың оянсын!», деп аяқтады сөзін депутат.

Соңғы жаңалықтар