Қазақстанның бағалы қағаздар нарығындағы ахуал тұрақты - агенттік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сыртқы нарықтарда жалғасып отырған геосаяси шиеленіске қарамастан, Қазақстанның бағалы қағаздар нарығындағы ахуал тұрақты болып қалуда. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығының барлық кәсіби қатысушылары меншікті капиталдың жеткіліктілігі мен өтімділік көрсеткіштерінің талап етілетін деңгейін сақтап отыр.

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша KASE-нің сауда тізімдерінде 147 эмитенттің 161 акциясы және 82 эмитенттің 324 облигациясы болды.

Наурыздың қорытындысы бойынша KASE индексі 0,4%-ға 3 348,63 тармаққа дейін төмендеді, «Қазақстанның Халық жинақ банкі» АҚ-тың (-5,7%) акциялары көбірек төмендеді.

Акциялар нарығын капиталдандыру ағымдағы жылғы наурызда листингтелетін компаниялар акциялары құнының ұлғаюы есебінен 0,8%-ға немесе 188 млрд теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 23,3 трлн теңге болды.

Акциялар сауда-саттығының көлемі қайталама нарықтағы сауда-саттықтың өсу есебінен 2022 жылғы ақпандағы акциялар сауда-саттығының көлемімен салыстырғанда 28,7%-ға ұлғайып, ағымдағы жылғы наурызда 13,3 млрд теңге болды.

Акциялар нарығындағы инвесторлардың негізгі санаттарының ішінде жеке тұлғалардың үлесіне акциялармен жасалған мәмілелердің жиынтық көлемінің 43,7%-ы, брокерлер мен дилерлердің үлесіне – 22,0%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне – 19,0%, өзге заңды тұлғалардың үлесіне – 15,2%, банктердің үлесіне - 0,1% тиесілі болды.


Соңғы жаңалықтар