Қазақстанның әйелдері еліміздің Тәуелсіздігін қалыптастыру және нығайту ісіне де еселі үлес қосып келеді-Н. Назарбаев

None
None
АНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат. Бұдан бұрын хабарланғанындай, бүгін Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған әйелдер съезі өтті.

Оған еліміздің барлық өңірлерінен 700 делегат, шетелден қонақтар қатысты. Съезд барысында Қазақстанның Еңбек Ері, №159 гимназияның директоры А.Миразова, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы рақымшылдық жасау мәселелері жөніндегі комиссияның төрайымы З.Федотова, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің төрайымы Д.Нүкетаева, Азаматтық альянс өкілі А.Туркина, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің лейтенанты А.Қасенова, шығыстанушы, философия ғылымдарының кандидаты З.Әуезова, ЕNRC Қазақстан атқарушы директоры және бас қаржы директоры З.Заурбекова, «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС атқарушы директоры Н.Кондратова, 7-қысқы Азия ойындарының чемпионы Ғ.Нұрғалиева, опера әншісі М.Мұхамедқызы және басқалары сөз сөйледі.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде Қазақстан әйелдерінің съезі алғаш рет өтіп отырғанын атап өтті. Қазақстанның әйелдері еліміздің Тәуелсіздігін қалыптастыру және нығайту ісіне де еселі үлес қосып келеді. Өз балалары мен немерелеріне деген қамқорлық, өз отбасылары мен жалпы, қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтауға ұмтылу - реформаларды бүкілхалықтық қолдаудың және табыстың шешуші шартына айналды.

- Тәуелсіздіктің күрделі уақытында сіздер үйдің тыныштығы мен берекесін батыл қорғадыңыздар, ер азаматтарға қолдау көрсеттіңіздер, олардың рухын көтеріп, күш-жігер бердіңіздер. Сіздер кез келген істі алып кетіп, өз отбасылық және азаматтық парыздарыңызды орындауда көптеген ер азаматтарға үлгі көрсеттіңіздер, - деді Президент.

Мемлекет басшысы әйелдердердің Қазақстанның демографиялық өсімін қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өтті. Баланы өмірге әкелу, оларды тәрбиелеу - әйелдердің басты парызы. Қазақстан экономикасының табысты болуы әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына қарқын берді. Мамандардың есептеулері бойынша, бүгінде қазақстандық әйелдер елдің ІЖӨ-нің 40 пайызға жуығын қалыптастыруда. Бұл үлес үнемі артып келеді және әйелдер кәсіпкерлігінің экономикалық әлеуетін барынша аша түсуде. Әйелдер өмірлік маңызы бар салаларда еңбек етеді. Олар барлық педагогтардың 73 пайызын, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызын құрайды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын басқаратын әйелдер саны 3 мың болса, ЖПК (КСК)-да 5800. Әйелдер барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызын құрап отыр. Тәуелсіздік жылдарында оннан астам әйел министр болып және мемлекеттік органдардың басшылығына тағайындалды. Жүздеген әйел Парламентке және мәслихаттарға сайланды.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің және халқымыздың игілігі жолындағы еселі еңбектері үшін барша қазақстандық әйелдерге алғысын айтты.

- Көптеген қазақстандық әйелдер өздерінің тамаша таланттарымен және жетістіктерімен Отанымыздың даңқын асыра білді. Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Айман Мұсақожаева, Жәния Әубәкірова, Майра Мұхамедқызы біздің ұлттық мақтанышымыз. Олар шет елге де кеңінен танымал. Таяуда біз 7-қысқы Азия ойындарында Ольга Новикова, Оксана Яцкая, Ғалия Нұрғалиева және өзге де спортшыларымыздың тамаша жеңістеріне куә болдық. Олар қазақстандық құрамаға Азиадада жеңіп алынған барлық медальдің 40 пайызын алып берді, - деді Президент.

Еліміздің Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен-ақ ана мен баланы, әйелдер кәсіпкерлігін және гендердік тең құқылықты қолдау мәселесі Мемлекет басшысының саясатында негізгі рөл атқарды. Баласы бар отбасылар мен әйелдерге әлеуметтік көмек көрсетудің мақсатты жүйесі қалыптастырылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылындағы ауыр күндердің өзінде мемлекет оларға атаулы көмек көрсетті. 2003 жылы бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақы берілді. Соңғы 5 жыл ішінде оның мөлшері 2,7 есеге артты. 2006 жылдан бастап барлық қазақстандық отбасыларға дүниеге келген баланы бір жасқа дейін бағып-күткені үшін жәрдемақы төленіп келеді. Аз қамтылған отбасылар кәмелеттік жасқа жеткенге дейінгі балалары үшін жәрдемақы алады. Бес жыл ішінде оның орташа мөлшері 2,5 еседен асты. 2003 жылдан бастап балалы отбасыларына қолдау көрсетуге бағытталған бюджеттік қаржылық шаралар 20 еседен аса ұлғайды. 2010 жылы бала тууына арналған жәрдемақы төлеміне мемлекет 15 миллиардтан астам теңге, ал баланы бағып-күткені үшін 19 миллиард теңге бөлді. Ана мен сәби өлімін азайту жөнінде кең ауқымды шаралар қабылдануда. Астанада және бірқатар ірі қалаларда жаңа перинатальдық орталықтар салынды. Өткен он жылдың ішінде Қазақстанда бала туу 1,5 есеге артты, халықтың табиғи өсімі 3 есеге өсті. Бұл еліміздегі демогарфиялық жағдайды түбірімен өзгертті. Өткен жылы, Президенттің тапсырмасы бойынша, «Балапан» бағдарламасы іске асырыла бастады. Бір жыл ішінде 35 балабақша тұрғызылды, 137 мектепке дейінгі мекемелер құрылды, бір жарым мыңнан астам балалардың шағын орталықтары пайдалануға берілді. Бұл бірінші кезекте, бала босанғаннан кейін жұмысқа, бизнеске қайта оралған жас аналарға айтарлықтай көмек.

Қазақстанда әйелдер арасында кәсіпкердікті дамыту жөнінде саясат іске асырылуда. 1997 жылы Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағытты мемлекет жұмысының маңызды бағыты ретінде айқындап берген арнайы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 8 жыл ішінде бизнесмен әйелдер жалпы құны 2 миллиард теңгеге жуық кредит алды. Жаһандық дағдарыс салдарын еңсеру жөніндегі шаралар аясында 2009-2015 жылдарға арналған әйелдер кәсіпкерлігін шағын кредиттеу бағдарламасы қабылданып, іске асырылуда. Соңғы 2 жыл ішінде бұл бағдарлама бойынша құны 1 миллиард 350 миллион теңгеден астам шағын кредит бөлінді. Президенттің тапсырмасы бойынша 2011-2012 жылдары қорландыру көлемі жыл сайын 2 миллиард теңгеге дейін арттырылатын болады.

Гендердік теңдік саласындағы мемлекеттік саясат, әйелдердің экономикалық және саяси өмірге кеңінен қатысуы әлемдік қоғамдастықтан жоғары бағасын алды. 2010 жылы Бүкіләлемдік экономикалық форумда Қазақстан гендердік теңдік рейтингісінде әлемнің 134 елінің арасынан 41-ші орынға ие болғаны атап өтілді. Бұл мәселе бойынша Қазақстан бүгінде Еуроодақтың 14 елін артқа тастап, әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына енді.

2002 жылы Гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданып, бұл күндері іске асырылуда. Президенттің Жарлығымен 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді. 2009 жылы қазақстандық заңнаманың гендерлік бағытын күшейткен 2 заң қабылданды. 1995 жылы Президент жанынан Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат істері жөніндегі кеңес құрылып, кейіннен Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат істері жөніндегі ұлттық комиссия болып қайта құрылды. Қазақстандық гендерлік саясаттың халықаралық табысты танылуы Қазақстанның БҰҰ-ның гендерлік теңдік және әйелдер мүмкіндігін кеңейту жөніндегі Атқарушы кеңесіне сайлануына жол ашты.

- Бүгін мен сіздерге барлық ер азаматтарды, бүкіл елімізді бақытты ететін еселі еңбектеріңіз, төзімділік пен даналықтарыңыз, сезімталдық пен шексіз махабаттарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын! - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміз дамуының басымдығы Қазақстан халқына Жолдауында және «Нұр Отан» партиясының съезінде көрініс тапқанын атап өтті.

- Инновациялық индустрияландыру шешімі және жаңа әлеуметтік саясат болашақ Қазақстанның гүлденуіне бастайтын жол. Экономика мен әлеуметтік өмірдегі, саясат пен мәдениеттегі, қоғамның барлық саласындағы инновация бір мақсатқа құрылған, ол - әрбір қазақстандық отбасының, әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін лайықты қамтамасыз ету, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент алдағы онжылдықта бірнеше басым бағытқа күш салу керектігін атап айтты.

2020 жылға қарай Қазақстан экономикасы кемінде 30 пайызға артады. Жүздеген жаңа кәсіпорындар салу жоспарлануда. Бұл жүз мыңдаған жаңа жұмыс орындары, қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігінің, кәсіби біліктілік пен шеберліктің сапалық өскені, лайықты әрі барынша жоғары еңбекақы, яғни барша халықтың әл-ауқатының артқаны деген сөз.

Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа кәсіпорын жұмысшылары арасындағы әйелдердің жоғары үлесін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл индустрияландырудың жаңа нысандарындағы басшылыққа, инженерлер құрамына, жұмысшылар арасына әйелдердің ұсынылуына байланысты. Бүгінде әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайызды құрайды, ал елдегі жалпы орташа көрсеткіш - 5,5 пайыз. Үй шаруасындағы тұрғындардың жартысы - әйелдер. Әйелдер арасындағы жұмыссыздықпен күрес мәселелері қазіргі кезде Үкімет жасап жатқан жұмыспен қамту жөніндегі жаңа бағдарламада бөлек бағдармен бөлініп көрсетілуі керек.

- Жолдау мен 2020 жылға дейінгі Стратегиялық дамудың басты бағыты әлеуметтік жаңғырту екенін тұрғындарға түсіндіруіміз керек. Біз, ең алдымен, үй шаруасындағы тұрғындардың мәселесімен айналысуды шештік. Олардың арасында әйелдер аз емес. Мұндай санатқа жататын адамдарға біз мемлекеттің есебінен оқып, мамандық алуды және жұмысқа орналасуды ұсынамыз. Ауылда бизнеспен айналысқысы келетіндерге мемлекет шағын кредиттер бөледі. Мұндай мүмкіндікті әлемдегі бірде-бір мемлекет ұсынып отырған жоқ, - деді Президент.

Жаңа онжылдықтағы басты әлеуметтік міндеттердің бірі - тұрғындардың табысын арттыру. Биылғы жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақылардың көлемі 30 пайызға көбейтілген. 1 шілдеден бастап бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға өсетін болады. Бюджеттік мекемеде істейтін бір миллионнан астам әйел адам бұрынғыдан көбірек ала бастайды. Қазақстан халқына Жолдауда жарияланған еңбекпен қамту бағдарламасын жүзеге асыру көптеген қазақстандық отбасының табысын көбейтуге жол ашады. Жалпы алғанда, ол бір жарым миллионнан астам қазақстандықты қамтиды.

- «Самұрық - Қазына» қорына кіретін ұлттық компаниялардың акцияларын тұрғындарға сату бағдарламасына әйелдер белсенді қатысады деп сенемін. Қазақстандықтарда тұңғыш рет инвестициялаудың жаңа тәсілі пайда болады. Азаматтарымыз елдегі ірі кәсіпорындардың акцияларын иеленіп, табыс таба бастайды. Мұны халыққа түсіндіру керек. Бюджет бекітілген, қазірден жұмыс істей бастаймыз. Әрбір азамат «Қазпошта» бөлімшесі арқылы басқа жүздеген мың адамдарға да жеткілікті болуы үшін 50-ден көп емес акцияны ала алады, - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы 2020 - Стратегиялық жоспарында тұрғындарға атаулы әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімді жүйесін құру қарастырылғанын айтты. Оның басты бағыты - балалы отбасыларды, ең алдымен көпбалалы шаңырақтарды қолдау. 2015 жылға қарай атаулы әлеуметтік көмектің ең төменгі мөлшері - төменгі күнкөріс шегінің 60 пайызына дейін, ал 2020 жылға қарай 100 пайызына дейін артады. Барлық шаралардың нәтижесінде 2015 жылға қарай кедейшілік деңгейі 6 пайызға дейін азаятын болады. Бұл жұмыс елдегі кедейшілік толық жойылғанша жалғасын таба бермек.

- Адамдар жұмыс істемей жетістікке жете алмайды. Қазақстандықтар жұмыс істеп, соның ішінде өндіріске үйренуі керек. Бүгінде адамдарды мемлекеттің есебінен техникалық мамандықтарға оқыта отырып, біз іс жүзінде жоғары еңбекақы ала алатын инженерлерді дайындап шыға аламыз. Қызмет көрсету саласында бос орын бар. Сонымен қатар, тұрғынүйқұрлысжинақ, екінші деңгейлі банктердің қорландыруы мен коммуникациялар құрылысын қоса алғанда тұрғын үй құрылысы саласында үлкен мүмкіндіктер туып отыр. Халықтық IPO - мүлде жаңа іс. АҚШ тұрғындарының 45 пайызы акциялар ұстайды және бұдан табыс алып отырады. Тұрғындарда Қазақстанның ең ірі компанияларының меншік иесі болу мүмкіндігі туады. Бүкіл әлем осылай өмір сүруде, бізге де осыны меңгеру қажет. 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясын, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын, Қазақстан халқына Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруға үкіметтік емес ұйымдарды белсенді тартып, олардың тәжірибесін пайдалану керек. Осылайша, жалпымемлекеттік міндеттерді іске асыру үшін барлық жұртшылықты жұмылдыру қажет, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясында мемлекеттік органдар басшыларының арасындағы әйелдердің үлесін 30 пайызға жеткізу міндеті қойылғанын айтты. 2010 жылы бұл көрсеткіш тек 10 пайызды құраған. Орталық органдарда да, жергілікті жерлерде де әйелдер басшылық лауазымдарға өте баяу келіп жатыр. Бүгінде елімізде облысты не қаланы басқарып отырған бірде-бір әйел жоқ, барлығы 3 аудан әкімі және 5 облыс әкімінің орынбасарлары бар.

Мемлекет басшысы Үкіметке Президент Әкімшілігімен, Ұлттық комиссиямен, «Нұр Отан» партиясының басшылығымен бірлесіп, әйелдерді шешім қабылдайтын деңгейге дейін көтеру бойынша 2016 жылға дейінгі Іс-қимыл жоспарын жасауды тапсырды.

- Президент ретінде мен біз таңдап алған саяси бағытымызға деген сіздердің дәйекті қолдауларыңызды ұдайы сезінемін. Бұл үшін сіздерге зор алғысымды білдіремін. Әйел жаңа істерге күш-жігер береді. Әйелдер съезінің жұмысына өзімнің қатысуымды, Қазақстанның ең лайықты әйел адамдарымен жүздесуімді осы тұрғыдан қарастырамын. Әйелдер ер адамдарға қарағанда көбірек күледі, сондықтан ұзағырақ жасайды дейді. Әрдайым жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден қуаныш кетпесін! 8 Наурыз қарсаңында мен сіздерді және сіздер арқылы барша Қазақстан әйелдерін алдағы алғашқы көктем мерекесімен құттықтаймын! Осы съезге қатысып отырған баршаңызға, Қазақстанның барша әйелдеріне мейірім, бейбітшілік, келісім, сүйіспеншілік және амандық тілеймін! - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Съездің қорытындысы бойынша қарар қабылданды.

Соңғы жаңалықтар