Қазақстанның әуе компанияларын «қара тізімге» енгізуге негіз жоқ – Еурокомиссия

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуропалық комиссия Қазақстанның әуе кеңістігінде қауіпсіздіктің жақсарғанын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Наурыз айында Еуропалық комиссияның ұшу қауіпсіздігі комитеті Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің қызметтік есебін тыңдаған болатын. Кездесуде Қазақстанның Авиация әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитс пен Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев ұшу қауіпсіздігін қадағалау және сертификатталған авиатасымалдаушылардың жағдайы туралы толыққанды мәлімет берген.

«Сол есепті қорытындылаған Еуропалық комиссия қазақстандық авиакомпанияларды Еуропалық одаққа ұшуға тыйым салынған авиатасымалдаушылар тізіміне («қара тізім») енгізу үшін негіз жоқ деген шешім қабылдады. Еурокомиссия өкілдерінің Қазақстандағы авиацияны реттеуші органдарға тағар міні жоқ және кейбір сарапшылар «Бек Эйр» ұшағымен болған әуе апатына алаңдаушылық білдіргенімен, «қара тізімге» түсу мүмкіндігі барынша азайтылғанын ескерді.

Еске салсақ, 2009 жылғы тыңдау қорытындысы бойынша Еурокомиссия қазақстандық авиатасымалдаушыларды «қара тізімге» енгізу туралы шешім қабылдаған болатын», - деп жазады Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

Дегенмен, Еуропалық комиссия жағдайдың одан әрі дамуына мониторинг жасап, бағалауды жалғастырады. Осы тұрғыда комиссия EASA және ЕО-ға мүше мемлекеттердің көмегімен Қазақстанға шолу сапарын ұйымдастырмақшы.


Соңғы жаңалықтар