Қазақстанның астық экспорты әлеуеті жоғары деңгейде қалады - Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Элеваторлардың егін қабылдау мен жинауға әзірлігін қамтамасыз ету керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егін жинауға дайындық мәселесінде де жұмыстарды қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданды. Қазіргі таңда, АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамдары бойынша АҚШ-та бидай түсімі 4,4 пайызға, Канадада 32 және Ресейде 15 пайызға төмендеуі мүмкін. Жалпы, Қазақстан болжам бойынша өзін астықпен толық қамтамасыз етеді», - деді А. Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, экспорттық әлеует жоғары деңгейде қалады – шамамен 6,5-7 млн тонна.

«Сондықтан басты міндетіміз – егін жинауды уақтылы әрі сапалы өткізу. Жалпы мынадай мәселелерге көңіл бөлгім келеді. Біріншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстардың әкімдіктері қыс мезгіліне жем-шөп қорын сапалы дайындау және оның бағаларын тұрақты болуын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдасын. Екіншіден, егінді сапалы жинап қана қоймай, бидай сақтаудың тиісті шарттарын да бақылауда ұстау керек. Элеваторлардың егін қабылдау мен жинауға әзірлігін қамтамасыз ету қажет», - деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар Энергетика министрлігіне егін жинау кезінде жанар-жағармаймен уақтылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар