Қазақстанның астығы қайда экспортталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Азық-түлік корпорациясы" АҚ Экспорттық келісімшарттар департаментінің директоры Нұржан Мұxамеджановтың айтуынша, Ресейде үш жылдан бері астықтың рекордтық көлемі жиналған. Сондықтан ол жақтан астық тасымалдау тиімсіз. Өйткені ресейліктер алдымен өз астығын экспорттауға тырысады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 "Сол себепті біз құзіретті мемлекеттік органмен бірлесе отырып, Қытайға тасымалданатын астығымыздың көлемін ұлғайтуды пысықтап жатырмыз. Қытай арқылы транзит жасау жағын да қарыстырудамыз. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, Иран арқылы қазақстандық астықты тасымалдауға келістік. Иран ашық транзит береді. Сол арқылы Парсы шығанағы елдеріне шығатын боламыз. Ол жақта астықты да, майлы дақылдарды да жақсы тұтынады", - деді Н.Мұxамеджанов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Департамент басшысы қазіргі вагон тапшылығын да түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстанның астығы Орталық Азия мен Ауғанстанға жиі тасымалданады. Сұраныс азайғанда бәрі осы бағытқа лап береді. Сол кезде вагон кептелістері болады. "Бұл жерде бір мәселені ескеру керек, ол жақта астықты түсіру жылдамдығы біздегі оны тиеу жылдамдығымен бірдей емес. Сондықтан вагондар ұзақ тұрады, бос вагондар уақытында қайтпайды. Тапшылық та содан пайда болады", - деп атап көрсетті Н.Мұxамеджанов.

Айта кетейік, Үкіметтің кешегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев диқандардың астығын жоғары бағамен сатып алуға тапсырма берді. Себебі қыркүйек айынан бастап ішкі нарықта астықтың бағасы төмендеп кетті. Оған бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, биыл Ресейде астықтың рекордтық көлемі жиналды. Содан Қазақстанмен шекаралас аймақтарда арзан астық көбейіп, заңсыз жолмен тасымалдана бастады. Екіншіден, вагондардың тапшылығы өзекті болып тұр. Вагон жетіспегеннен кейін xалықаралық трейдерлердің талаптары орындалмайды. Үшіншіден, Азық-түлік корпорациясы сылбыр қимылдап жатыр. Аталған компания басында бір тонна астықтың бағасын 42 мың деп қойса, артынан 39 мыңға түсірді. Осының барлығы сұраныстың төмендеп, астықтың күрт арзандауына әкеліп соқтырды. 

"Соңғы бір апта бойы біз осы мәселені күнде пысықтап келеміз. Барлығы қолдап отыр. Қаржының көзін анықтадық. Бағаны 42 мың деп белгіледік. Енді, астықты сатып алу шараларын абыроймен атқарып шығу қажет. Оны жылдам әрі ашық түрде өткізу керек. Осыған баланысты облыс әкімдері арнайы штабтарды құрсын. Оған әкімдік қызметкерлерін ғана емес "Атамекен" палатасы мен Қазақстанның фермерлері одағын да тарту қажет. Ақша адресатқа жетуі тиіс. Ресейдің астығына, я болмаса, бір қолға кетіп қалмасын. Сондықтан осы мәселені қатаң бақылауда ұстаңыздар!", - деп атап көрсетті Үкімет басшысы . 

Соңғы жаңалықтар