Қазақстанның әскери топографтары заманауи технологиямен қамтамасыз етілген - Бас штаб

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бас штабтың геоақпараттық қамтамасыз ету департаменті бастығының орынбасары полковник Шаяхмет Әшіров әскери топографтар қызметінің ерекшеліктері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемдегі қақтығыстарды, әскери шиеленістерді ескере отырып, біздің департамент 2019 жылы құрылған еді. Осы орайда, біздің құрылымның негізгі жұмысына тоқталсақ, бірінші бағыты топогеодезия ақпаратымен қамтамасыз етуге арналған. Оның арасында картографиялық зерттеулерді ұсыну қамтылған. Екіншіден, гидрометеорология саласындағы ақпаратты басшылық құрамға, әуе қорғанысы күштеріне жолдаймыз. Ал, үшінші бағыт аясында навигация мәліметтерін Қарулы күштер құрылымдарына таратамыз», - деді Ш. Әшіров Қорғаныс министрлігінің оnline-брифингіде.

Осы орайда, ол еліміздегі әскери топографтар біліктілігін тиісті оқу-жаттығулар кезінде шыңдайтынын, сондай-ақ соңғы буынды құралдармен, жабдықтармен қамтамасыз етілгенін айтты.

«Олар жаһандық спутниктік жүйелерді де пайдаланады. Әскери оқу-жаттығулар кезінде осы заманауи техниологияларды барынша қолданып жатыр. Атап айтқанда, әскери топографтар жақсы нәтиже көрсетіп жүр және олардың жұмысын командирлер жоғары бағалап келеді. Біздің мамандарды соңғы буынды технологиялармен қамтамасыз ету де жақсы деңгейде екенін атап өткен жөн», - деді Геоақпараттық қамтамасыз ету департаментінің өкілі.

Айта кетейік, 30 қаңтар күні әскери топографтар төл мерекесін атап өтеді.


Соңғы жаңалықтар