Қазақстанның әскери-медициналық жасағы Ливанға келді

None
None
БЕЙРУТ. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасағы Бейрутке келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бейрут халықаралық әуежайында жасақты Қазақстан Республикасының Ливан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Ержан Қалекенов, Ливан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілі бригадалық генерал Әби Карам және Ливан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Әли Дирани қарсы алды.

«Біз Ливанға көмек көрсетудегі Қазақстанның осы игі ісін бағалаймыз және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз», - деді Ливан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Әли Дирани.

Айта кету керек, сәуірде төтенше жағдай кезінде елде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасақтар құрылды. Олар жедел әрекет етуге және Қарулы күштер қолбасшылығының арнайы міндеттерін орындауға арналған.

«Әскери дәрігерлер еліміздің түрлі аймақтарында тапсырмаларды орындады және қазір ел басшылығының тапсырмасы бойынша Ливан халқына медициналық көмек көрсету үшін аттанды. Әртүрлі жағдайда жұмыс істеу үшін арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасақтың персоналы бітімгершілік дайындық бағдарламасы бойынша ағылшын тілін оқыту курстарынан өткен», делінген хабарламада.


Естеріңізге сала кетейік, 8 тамыз күні таңертең ҚР Президенті – ҚР Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының тапсырмасы бойынша порттағы жарылыс салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін құрамында 29 әскери дәрігер мен 4 аудармашысы бар топ Бейрутқа жіберілген болатын.

Еске сала кетсек, 4 тамызда Ливан астанасы Бейрут қаласындағы портта жойқын жарылыс болды. Жарылыс салдарынан Қазақстанның СІМ Ливандағы дипломатиялық миссиясы ғимаратына зақым келген. Жарылыс кезінде дипломатиялық миссияның қызметкерлері жұмыс күні аяқталғаннан кейін кеңседен кетіп қалған. Кеңседе қалған консул жарылыс толқыны салдарынан жеңіл жарақат алды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан Президенті Мишель Аунмен телефон арқылы сөйлесіп, Ливандағы қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде өтініш білдірген еді.

5 тамыз күні жарылыстың неден шыққаны анықталды. Билік мәлімдемесіне сәйкес, аммоний нитратының үлкен партиясы (аммиак селитрасы деп те аталайды) портта ұзақ уақыт сақталып, қауіпсіздік талаптары сақталмаған.


Соңғы жаңалықтар