Қазақстанның әншілері мен спортшылары елорда атауының өзгеруіне қолдау білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның танымал әншілері мен спортшылары елордаға Елбасының есімін беру шешіміне қолдау білдіріп жатыр. Осы орайда бірқатар пікірді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елорданы, республиканың басты көшелерін Елбасының атымен атау ұсынысын толықтай қолдаймын. Нұрсұлтан Әбішұлының елге сіңірген еңбегі зор. Ол мұндай құрметке лайық деп санаймын», - деп жазды былғары қолғап шебері Иван Дычко өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Боксшы Абылайхан Жүсіпов Қазақстанның бокстан ұлттық құрама команда мүшесі ретінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын қолдайтынын атап өтті.

«Елорданы, республиканың басты көшелерін Елбасының атымен атау ұсынысын толықтай қолдаймын. Нұрсұлтан Әбішұлының елге сіңірген еңбегі зор. Ол мұндай құрметке лайық деп санаймын», - дейді А. Жүсіпов.

Сонымен қатар Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко да аталған бастамаға қатысты өзінің игі тілегін білдірді.

«Елорда атауын өзгертуге қатысты тарихи бастамаға өзімнің көзқарасымды айтқым келеді. Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның дамуына оразан зор үлесін қосты. Оның ішінде спорт саласының өркендеуіне үлкен қолдау жасап келді. Елбасы басқарған кезеңде қазақстандық спортшылар ең мәртебелі спорттық додаларда жеңіске жетіп, өздерінің жеңістерін Тәуелсіз Қазақстан мен Нұрсұлтан Әбішұлына арнағанына куәгер болған едік. Осыған байланысты Қазақстанның өзге спортшыларының тілектеріне қосылып, Астана атауын Нұрсұлтан қаласына өзгерту бастамасын қолдаймын. Елордамыздың ары қарай гүлдене беруін тілеймін!», - деді Ю. Мельниченко өзінің видеожолдауында.

Ал танымал әнші Маржан Арапбаева да өзінің Instagram-дағы парақшасында жылы лебізін білдірген.

«Бақытты заманымыз үшін құрметті Елбасы сізге рахмет!», - деп жазды әнші.


Соңғы жаңалықтар