Қазақстанның әлемнің 30 озық ел қатарына қосылатынына сенеміз - Б.Молдажанова

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы Жолдауы тек бағдарламалық сипатқа ғана емес, ел өміріндегі зор тарихи және саяси маңызға ие құжат. Өйткені, бұл құжатта еліміздің тарихында болмаған әлемнің дамыған 30 елімен иық тірестіру межеленіп отыр. Бұл туралы ҚазАқпараттың тілшісіне берген сұхбатында Ақмола облыстық мәслихаттың депутаты Бақыт Молдажанова мәлім етті.

«Аз ғана уақыт аралығында мемлекетіміз биік белестерді бағындырып, түрлі саладағы қиыншылықтарды еңсерді. Бұдан бірнеше жыл бұрын ең дамыған елу мемлекеттің қатарына қосылуды көздесек, бүгінде Елбасы атап көрсеткендей, меже 30 озық елдер қатарына қосылу болып отыр. Жолдауда көрсетілгендей, қазіргі таңда дамудың 10 негізгі тетігі қарастырылып отыр. «Мәңгілік Ел» болу үшін инновация, ғылым, көлік коммуникациясы және бұдан басқа да бағдарлар жүзеге асырылмақшы. Осынау стратегияны меңзей отыра, Елбасы халық алдына зор мақсат қойып отыр», - деп ескерді ол.

Оның айтуынша, Елбасының Жолдауы жұртымызды алға жетелейтін жаңа құжат болғаны даусыз. Әсіресе, осы арада жастар қауымына артылған жүктің салмағы ауыр. Елдің кемелді келешегі өркениетке апаратын жиырма бірінші ғасырдың жаңалықтарын жете ұғынған өскелең ұрпақтың қолында. Мәселен, оқу орындарының студенттері үшін шәкіртақы 25 пайызға өспекші. Бұл да қуанарлық жайт. Көшбасшымыз көрегендік таныта отырып, Қазақстанды дамушы ел қатарынан дамыған елдер сапына қосылатынына жүз пайыз сеніммен келуде.

«Қазір ел тұрғындарының әлеуметтік тұрақтылығы 97 пайызға жақсарған. «Қазақстан-2050» Стратегиясы жол сілтейтін шамшырақ ретінде еліміздің негізгі мақсаттарын, адамдардың күнделікті өмірлік проблемаларын шешуге мүмкіндік бермекші. Бұл тұрғыда жыл сайын ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға ықпал жасалмақшы. Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, Стратегия - ол күннен-күнге, жылдан жылға еліміз бен қазақстандықтардың өмірін жақсарта түсетін нақты тәжірибе жүзіндегі істердің бағдарламасы. Бұл биікке барлығымыз бірігіп, өз үлесімізді қосу арқылы ғана жетеміз. Сондықтан да, 30 озық елдер қатарына қосылудағы Жолдауда жүктелген тапсырмаларды орындау - әрбіріміздің Отан алдындағы парызымыз», - деп қорытты Бақыт Молдажанова.

Соңғы жаңалықтар