Қазақстанның ақылы жолдары: бағыттары мен бағасы
2022 жылғы 21 қаңтар 19:01

Қазақстанның ақылы жолдары: бағыттары мен бағасы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың 23 қарашасында Республикалық маңызы бар жолдардың 7 учаскесінде жол жүру ақысын алу туралы бұйрықтар күшіне енген болатын. Осыған байланысты, өткен жылы ақылыға ауысқан жолдардар, оның жол жүру құны, сондай-ақ ақылы жолдар жүйесінің жүзеге асуырылуы туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Елімізде ақылы жолдар жүйесінің жүзеге асуы

2021 жылғы 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ақылы жолдарды енгізу – әлемдік тәжірибеге сай дұрыс шешім екендігін атап өтіп, жер көлемі үлкен елде тек бюджет есебінен жол салу мүмкін еместігін жеткізген болатын. Осыған байланысты «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында 2021 жылы жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырым болатын учаскелерде жол жүру үшін ақы алудың ашық жүйесін кезең-кезеңімен енгізу көзделді.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Пайдалануға беру басқармасының басшысы Ғабит Шымырбаевтың мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 11 ақылы учаске бар. Нақтырақ айтқанда, шлагбаумдары және ақы алудың гибридті жүйесі бар 4 учаске («Нұр-Сұлтан-Щучинск», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қорғас», «Алматы-Қапшағай»). Сондай-ақ, шлагбаумдары жоқ және ақылы жолдармен кедергісіз жүруді қамтамасыз ететін ашық ақы алу жүйесі бар 7 учаске («Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Шымкент – Өзбекстан шекарасы. (Ташкентке)», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Тараз», «Тараз – Қайнар», «Қапшағай – Талдықорған», «Щучинск - Көкшетау»). Оның айтуынша, барлық ақылы учаскелерде автокөлік құралдарының жүруіне бақылау жүргізуге және автожолдардың ақылы учаскелері бойынша жүргені үшін ақы есептеуге мүмкіндік беретін арнайы камералар және қажетті құрылғылармен жабдықталған бақылау аркалары орнатылған.

«Жалпы орнатылған бақылау аркалары көлік құралдарының қарқындылығын, жылдамдығын және класын ескереді және ақылы учаскені аймақтарға бөледі», - деді Ғабит Шымырбаев.

Пайдалануға беру басқармасы басшысының сөзінше, автокөліктің жеке шотында (автокөліктің мемлекеттік нөмірі бойынша) ақылы учаскенің тиісті аймағының өтуі үшін төлем жасауға жеткілікті ақша қаражаты болған жағдайда, бұл қаражат автоматты режимде есептеледі. Егер жеке шоттағы қаражат есептен шығару үшін жеткіліксіз болса, жол жүру үшін тиісті қарыз есептеледі. Сондай-ақ, ол бақылау аркаларының орналасқан жері облыстың, аудандардың, елдімекендердің шекараларын және оларға кіру-шығу жолдарын ескере отырып анықталғанын айтып өтті.

«Бақылау аркасынан өткенде төлем ақылы учаскенің алдыңғы аймағынан өткені үшін ғана есептеледі. Келесі аймақтан өткені үшін ақы төлеу ақылы учаске аймағының соңында орналасқан бақылау аркасын өткен кезде ғана есептеледі», - деді басқарма басшысы.

Жол жүру құны

Нәтижесінде, жол жүру үшін ақы алудың ашық жүйесі орнатылған автомобиль жолдарының ақылы учаскелерінде ақы төлеу ақылы учаскелердің нақты өткен аймақтары бойынша ғана есептеледі. Сонымен қатар, ол 2021 жылғы 23 қарашадан бастап енгізілген учаске үшін жол жүру құны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тиісті бұйрықтарымен бекітілгенін айтып өтті. Нақтырақ айтқанда, «Нұр-Сұлтан - Павлодар» (375 шқ), «Шымкент- Өзбекстан шекарасы. (Ташкентке)» (84 шқ), «Шымкент – Қызылорда» (451 шқ), «Шымкент – Тараз» (139 шқ), «Тараз – Қайнар» (238 шқ), «Қапшағай – Талдықорған» (186шқ), «Щучинск - Көкшетау» (61 шқ).

«Бірінші категориялы жаңа ақылы учаскелерде жүру үшін төлем тарифтерін 2013 жылғы деңгейде қалдыру көзделген. Жол жүру құны қолжетімді, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ сайтында орналастырылған (qaj.kz)», - деді Ғабит Шымырбаев.

Сондай-ақ, ол 2022 жылы жаңа ақылы жолдар бағытындағы жұмыс әлі жалғасып жатқанын, алайда жаңа ақылы учаскелерді өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жөніндегі жоспар тек пысықтау сатысында тұрғанын жеткізді.

Орталық коммуникациялар қызметінде қараша айында өткен брифингте ҚР ИИДМ автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин ақылы жолмен жүру тарифтері 2013 жылы бірінші ақылы учаске енгізілген кездегі деңгейде қалғанын жеткізген болатын. Оның мәлімдеуінше, жеңіл автокөліктер үшін - 1 шақырымына 1 теңге, ауыр жүк көліктері үшін - 1 шақырымына жүк көтерімділігіне байланысты 5 теңгеден 25 теңгеге дейін.

«Салыстырып қарасақ, көршілес Ресейде жеңіл автокөліктер 1 шақырым үшін 7 теңге және жүк көліктері 7-ден 55 теңгеге дейін төлейді. Ал Еуропа елдеріндегі тарифтерге келетін болсақ, төлем жүк көліктері үшін 5 есе, ал жеңіл автокөліктер үшін 20 есе жоғары», - деді Толеген Абдуллин.

Ақылы жолдармен жүру үшін жылдық абонементті рәсімдеу жолы

Қазіргі таңда ақылы автомобиль жолына іргелес әкімшілік-аумақтық бірлікте белгіленген тәртіппен тіркелген жергілікті жеңіл көлік үшін құны 1000 теңге болатын жылдық абонемент сатып алу мүмкіндігі бар. Абонементтердің әрекеті ақылы учаскенің барлық маршруты үшін, екі бағытқа да қолданылады.

Жергілікті жеңіл автокөлікке жылдық абонементті рәсімдеу үшін келесі қажет:

- Ақылы жолдар бойынша қызмет көрсету орталықтарының операторларына жүгіну;

- жеке куәлік пен автомобильдің техникалық құжаттамасын ұсыну;

- өтінішті жазу;

- 1000 теңге көлемінде төлем жүргізу;

- чекті алу.

«Сондай-ақ абоненттік төлемді ресімдеу үшін берешектің жоқ екенін алдын ала тексеріп, өзіңізге ыңғайлы кез келген тәсілмен 1000 тг сомасына өзіңіздің жеңіл көлік құралыңыздың балансын толтыру керек. Одан кейін 1403 нөміріне, яғни «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ байланыс орталығына қоңырау шалып, абонемент рәсімдегіңіз келетіні туралы хабарлау қажет. Байланыс орталығының операторы сіздің көлік құралыңыздың деректерін тексереді. Барлық қажетті параметрлер сәйкес келген жағдайда абонемент ресімделеді»,- деді Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы.

Сонымен қатар, ол республикалық маңызы бар жолдарда және қалаларда ақылы жолдар бойынша қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Онда жол пайдаланушылары ақылы учаскелер бойынша қандай да бір сауалдар туындаған жағдайда немесе абонементтерді ресімдеу үшін жүгіне алады. Бұдан бөлек, жүк тасымалы бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың келісімшарт жасасу және алдын-ала төлем жасаудың бүге-шүгесін білуге мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың 100%-ын және жергілікті маңызы бар жолдардың 95%-ын нормативтік жағдайға жеткізу, ақылы жолдардың ұзындығын 11,7 мың шақырымға дейін ұлғайту, республикалық автожолдарды ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол бойындағы қызмет көрсету нысандарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ жыл сайын 310 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.


Венера Жоламанқызы


Jańalyqtar

MURAǴAT