Қазақстанның 3 қаласында есірткі таратумен айналысқан ер адам Абай облысында ұсталды

Фото:
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Қазақстанның 3 қаласында есірткі таратумен айналысқан ер адамды Абай облысының полицейлері қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семей қаласы ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері Ұлттық ұлан арнайы бөлімшесімен бірлесе әрекет еткен.

Павлодар қаласының 31 жастағы тұрғыны Семейге кіреберіс жердегі «Ертіс» бекетінде ұсталды. Белгілі болғандай, ол Екібастұз, Ақсу және Семей қалаларына психотроптық заттарды жеткізіп келген.

Күдіктінің көлігіне тінту жүргізу кезінде алдыңғы тартпаның астындағы жасырын қуыстан 67 термоқаптама табылды. Оның ішінде ұнтақ зат салынған полимерлі пакеттер болды. Сараптама көрсеткендей, бұл зат жалпы салмағы 31,36 грамм болатын «А-PVP» психотроптық затының аналогі болып шықты.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігіне (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті Семей қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылуы мүмкін», - дейді Семей қалалық ПБ бастығы Қайрат Әбдіғалиев.

Соңғы жаңалықтар