Қазақстанның 1300 спортшысы Ақтөбедегі ауыл ойындарына жиналды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Ақ бидай» республикалық VI ауыл спорты ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Айта кетейік, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарынан жарыстар Ақтөбеде тұңғыш рет өтуде. Төрт жылда бір рет өткізілетін жарысқа еліміздің әр өңірінен 1300 спортшы қатысуда. Олар бір апта бойы спорттың 14 түрінен сынға түседі. Тең жартысы ұлттық ойын түрлері. Спортшылардың дені түрлі жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.



«Ақтөбе командасы 2013 жылы өткізілген жарыста 7-орын алды. Биыл жүлдегерлер қатарынан көрінуге ниеттіміз. Жарыс басталды. Қазіргі уақытта көкпар, аударыспақ, волейбол, шағын футбол секілді бірнеше спорт түрінен жарыстар өтуде. Ұлттық спорт түрлерінен аламан бәйге, көкпар тарту, теңге ілу, асық ату, аударыспақ, қазақ күресі көрермен қызығушылығын тудырып жатыр. Біз облыстық жарыста үздік шыққан спортшыларға сенім артып отырмыз», - деді облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрлыбек Жүсіпов.

Спортшылар республикалық жарысқа үлкен дайындықпен келген. Жарыстың алғашқы күні жеңімпаздар анықталды.

«Оңтүстік Қазақстан облысынан аударыспаққа 5 спортшы келді. 80 келі салмақта Ақтөбенің спортшысымен жарысқа түсіп, жеңімпаз атандым. «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарына алғаш рет қатысып отырмын. Үлкен дайындықпен келіп, жеңіске жеттім»,- дейді ОҚО өкілі Есімхан Рахматтіллә.  

«Ақ бидай» ауыл спорты ойындарын өткізуге жергілікті билік 5 миллион теңгеден астам қаржы жұмсады.

«Дарындылар мен аты аңызға айналған спортшыларымыз қаймағы бұзылмаған қасиетті ауылдан шыққан. Сондықтан бұл спартакиада ауыл спортының абыройын өсіріп, дамытады»,- деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

Соңғы жаңалықтар