Қазақстанның 120-ға жуық әскери қызметшісі Ливандағы миссияға қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Ливандағы бітімгерші-жауынгерлердің санын 120 адамға дейін ұлғайтатын болады. Мұндай ұсынысты  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел Парламентіне жолдады. Елбасы ұсынысын ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президентінің атап өтуінше, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне  тұрақты емес мүше ретінде қызметін жүзеге асырып келеді. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстан бейбітшілікті қолдау жөніндегі миссиялардағы өз әскери байқаушылары мен бітімгершілерінің санын арттыруға ниетті екенін мәлімдеді.

«БҰҰ-ның миссиясына контингентті жіберу тек халықаралық қауіпсіздікті нығайту ісіне салмақты үлес қосып қана қоймай, Қазақстанның әлемдік қауіпсіздіктің жауапты мүшесі ретінде, оның ішінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуының қорытындысын шығаруы аясында беделін нығайтады. Осы тұрғыда ҚР Қарулы Күштерінің бітімгершілік бөлімшесін Ливандағы БҰҰ миссиясына жіберу мәселесі зерделеніп, пысықталды. Аталған операцияға қатысу ҚР Қарулы Күштеріне коалициялық топтар шеңберіне әскерлерді қолдануға, өзара іс-қимыл және жоспарлау мәселелерін пысықтауға, бітімгершілік пен гуманитарлық операцияларда кең жауынгерлік дағдылануға, Таяу Шығыстың табиғи-климаттық жағдайында Қазақстан бөлімшесінің жауынгерлік қабілетін тексеруге мүмкіндік туғызады. Баяндалғанның негізінде Қазақстан Конституциясының 53-бабына сәйкес, ҚР Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін 120 әскери қызметшіге дейін  Үндістан Республикасы Қарулы күштері  құрамында Ливандағы БҰҰ-ның уақытша күштері миссиясына қатысу үшін ұсыныс енгіземін», - делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысында.

Айта кетейік, Елбасы сондай-ақ БҰҰ миссияларына қазақстандық 40 офицерді жіберуді ұсынған болатын. ҚР Парламентінің депутаттары Президенттің бұл ұсыныстарына толықтай қолдау білдіріп, арнайы Қаулы қабылдады.

Соңғы жаңалықтар