Қазақстанның 11 шаһарына «Даңқты еңбек қаласы» атағын беру ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресейдің тарихи қоғамы ІІ дүниежүзілік соғыстағы жеңіске баға жетпес үлес қосқан Қазақстанның елді мекендеріне «Даңқты еңбек қаласы» атағын беруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тізімде он бір қала бар. Олар – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Семей, Тараз, Орал, Өскемен.

«Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында ата-бабамыздың ерлігін еске алуға деген тұрақты бағытымызды растайтын маңызды іс-шара өткізіліп отыр. Ресейде құрылған «Даңқты еңбек қаласы» жобасы Қазақстанда да тиісті жалғасын табады. Қазақстан соғыс жылдарында «майдан арсеналы» мен шикізат және азық-түлік базасына айналғаны, қорғаныс өнеркәсібінің негізгі бөлігін қажетті отынмен қамтамасыз еткені, көмір, түсті металл өндіргені, эвакуацияланған 220 фабрика мен зауытты қабылдағаны баршаға мәлім», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Ресей тарихи қоғамының делегациясымен кездесуде.

Делегация мемлекеттік әскери-тарихи музейге қазақстандық жауынгерлердің ІІ дүниежүзілік соғыстағы қаһармандығы туралы бірегей мұрағаттық құжаттар мен материалдарды табыс етті.


Қазақстаннан майданға аттанғандардың жалпы саны - шамамен 1,2 млн адам, олардың тең жартысы соғыстан оралмады. 12-ші атқыштар және 4-ші атқыштар дивизиясы, 7-ші атқыштар бригадасы және полктер мен батальондардың 50-ге жуығы біздің елде құрылды.

Соғыстағы ерлігі үшін 500-ге жуық қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Сондай-ақ, 700 мыңнан астам адам өнеркәсіпке жұмылдырылды. Қазақстан 35% мыс, 83% қорғасын, 60% молибден, 65% висмут өндірді. Қарағанды облысы 35 млн тонна көмір берді. Осы уақыт ішінде тыл еңбеккерлері 5 млн тоннадан астам нан және 700 мың тоннадан астам ет өндірді.

Майдан даласында атылған 10 оқтың 9-ы қазақстандық қорғасыннан құйылғаны баршаға аян.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, II Дүниежүзілік соғыста Норвегияда жерленген тағы 18 қазақстандықтың есімі анықталды.


Соңғы жаңалықтар