Қазақстанның 11 қаласында «Ашық аспан» режимі енгізілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның 11 қаласындағы әуежайларда «Ашық аспан» режимі енгізілуде. Бұл туралы ҚазАқпарат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«1 қарашадан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында рейстердің саны бойынша шектеулерді алып тастауды және қазақстандық тасымалдаушылар жүзеге асырмайтын бағыттар бойынша шетелдік авиакомпанияларға 5 дәрежелі «ауа еркіндігін» ұсынуды көздейтін «ашық аспан» режимі енгізіледі», - делінген хабарламада.

Аталмыш режимді Қазақстанда енгізу жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, жаңа халықаралық бағдарлардың ашылуына, бәсекелестіктің артуына септігін тигізіп, ең ақырында авиабилеттер құнының төмендеуіне және әуе көлігінің халықтың қалың тобына қолжетімді болуына, сондай-ақ, туризмнің дамуына және «Астана» халықаралық қаржы орталығының көліктік қолжетімділігінің ұлғаюына ықпал етеді.

Еске сала кетсек, Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ұшақ билетінің қымбат болуына қатысты сын айтқан болатын. Сондай-ақ, сол кездегі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Президенттің «ұшақ билеті қымбат» деген сынына қатысты мәселе реттелетініне уәде берген еді.
Соңғы жаңалықтар