«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына онлайн-дауыс беру басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңіне үміткерлерден өтінім қабылдау аяқталды. Жобаның ресми сайтына 2 388 өтінім келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мәуберлинова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтты.

«Жоба критерийлеріне сәйкес, сараптамалық топ жобаның келесі кезеңіне өтетін үміткерлердің тізімін анықтады. Соңғы кезең - онлайн-дауыс беру. Бірден айта кетейін, биыл үміткерлердің өмірбаяндарының сапалық құрамы, ерекшелігі жоғары деңгейде. Әрбір үміткер жеңімпаз болмаса да, өз саласының лайықты өкілі және лайықты Қазақстан азаматы болып қала береді», - деді Нұргүл Мәуберлинова.

Сонымен бірге, вице-министр жобаның 100esim.el.kz ресми сайтында онлайн-дауыс берудің басталғанын хабарлады. Ол 15 қарашаға дейін өтеді.

«Кез келген адам «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары тізіміне енуге лайықты деп санаған үміткерге дауыс бере алады», - деді ол.

Бұған дейін Қазақстанда «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі басталғанын хабарлаған болатынбыз.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жоба биыл неліктен қайта қолға алынғанын түсіндірді.

Үміткерлерге баға беру үшін арнайы Сарапшылық кеңесі құрылады. 1-5 желтоқсан аралығында «100 жаңа есімге» енген тұлғалар көпшілікке таныстырылмақ.

Еске салайық, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы кезеңінде жалпыхалықтық дауыс беру арқылы 102 жеңімпаз анықталды. 2017 жылдың 1 желтоқсаны күні елордадағы ең көрікті мейрамханалардың бірінде олармен Президент Нұрсұлтан Назарбаев кездесті. Қазақстанның туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер мен ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген азаматтар Елбасының жылы лебізіне бөленді.

 

Соңғы жаңалықтар