«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жастарды жаңа жеңістерге жігерлендіру үшін керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жастарымызды жаңа жеңістерге жігерлендіру үшін керек. Мұндай пікірді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында аталған жобаның бірінші кезеңі жеңімпаздарының бірі Нұржан Жолдыбалинов білдірді.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы сәуірде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Үкімет алдына қоғамдық сананы жаңғырту үшін нақты тапсырмалар қойғаны белгілі. Содан аталған бағдарламалық мақалада көрсетілген басым бағыттарды орындаудың тетіктері анықталып, артынша оны жүзеге асырудың жұмыстары басталып та кетті. Елбасы мақаласының басым алты бағыты бар екенін бүгінде баршамыз жақсы білеміз. Ол бірнеше бағдарламадан да тұрады. Әрбірінің формасы, жүзеге асу тетігі әртүрлі болғанымен, баршасының мақсаты - халықтың санасын жаңғырту, рухани құндылықтарымызды қайта тірілту», - деді ол.

Осы орайда Нұржан Жолдыбалинов «100 жаңа есім» жобасына тоқталып, қазір өзін сөзбен емес, іспен дәлелдеп, өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтарды тарих бетіне шығаруымыз керектігін баса айтты.

«Олардың іс-әрекеттері өзге замандастарына үлгі болары анық. Демек бұл жоба жеке бір адамдарды насихаттау немесе олардың абыройын асқақтату мақсатында жүзеге асып жатқан жоқ. Мұның артында расымен де үлкен идеологиялық астар жатыр. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. «Біз «жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары - кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деген еді Елбасы осынау жоба турасында», - деді ол.

Оның айтуынша, әр кезеңнің, әр дәуірдің өз идеологиясы болады. Осы орайда ұлт идеологияға емес, идеология ұлтқа қызмет етуі тиістігін естен шығармағанымыз абзал.

«Мәселен, кешегі соғыс жылдары қазақ жастарына Нұркен Әбдіров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Төлеген Тоқтаровтар идеал ретінде ұсынылды. Мейлі, қай формацияда өмір сүрсе де, идеалдың аты - идеал. Әлия, Мәншүкке ұқсағаннан қазақ жастары жаман болған жоқ. Одан кейін 70-80 жылдары бейбіт заманның батырлары пайда болды. Оларға еліктедік. Ешкім жаман болған жоқ, қайта солардың ерліктерін қайталағысы келген жастардың саны артты. Ал бүгін біз жаңа дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Демек, жаңа заманға жаңа идеалдар керек! «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы ең бірінші кезекте осы үшін керек! Жастарымызды жаңа жеңістерге жігерлендіру үшін керек! Мәселен, Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде замандастарына үлгі-өнеге болатын қаншама тұлғалар өсіп-жетілді. Мейлі спорт саласы болсын, мейлі ғылым мен өнерде болсын, мейлі өндіріс пен шаруашылықта болсын, осы бір жаңа есімдерді идеал етуге әбден болады. Ал руxани жаңғыруды ең бірінші кезекте жүзеге асыратын кімдер?! Әлбетте, идеалдар! Ендеше, бұл жобаның өзі дер кезінде қолға алынған жоба болды деп есептеймін», - деді Нұржан Жолдыбалинов.

Айта кетейік, бүгін ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасы неліктен биыл қайтадан өткізілетінін айтып берген еді.

Соңғы жаңалықтар