Қазақстанның 1 384 елді мекенінде мектеп жоқ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде 1 384 елді мекенде мектеп жоқ. Ондағы 34 644 оқушы өзге елді мекендерден қатынап білім алып жүр. Оқу-ағарту министрлігінің ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында осындай дерек берілген.

«Отбасы және балалар саласында мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларында (2020 жылғы 24 сәуірдегі № 158) жергілікті атқарушы органдардың білім алушыларды жақын мектепке дейін тегін тасымалдау қызметін көрсетуге қойылатын талаптар айқындалған», - деп жазады министрлік мамандары.

Ведомство мәліметі бойынша, 2022-2023 оқу жылының басында 1 384 ауылдық елді мекенде мектеп жоқ болған.

Бұл ауылдарда мектеп жасындағы 34 644 бала тұрады.

Оларға мемлекет тарапынан тасымалдау қызметі ұйымдастырылған.

Осылайша 31 741 бала (91,6%) күнделікті қатынап оқыса, 2 903 бала(8,4%) апта сайын қатынап оқиды.

Оларды тасымалдауға 1 013 автобус бөлінген.

«Балалар жылы аясында Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2022 жылы ауыл мектептерінің автобус паркін (515 автобус) жаңарту жобасын іске қосты. Бүгінгі таңда өңірлерге 200-ден астам автобус жеткізілді», - деп жазылған жауапта.


Соңғы жаңалықтар