Қазақстаннан заңсыз газ тасымалдаған қылмыстық топ ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облыстық ҰҚК департаменті өңірлік мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тексерістер қызметінің көмегімен Қазақстаннан заңсыз газ тасымалдаған ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары аясында қол жеткізілген айғақтарға сүйене отырып, үстіміздегі жылдың 5 шілдесінде Қордай аудандық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 197-бабы («Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу»), 4-бөлігіне сәйкес, Темір Жаманғызов, Нұржан және Ержан Тәліповтер 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды», - делінген хабарламада.

Сот үкімімен көлік құралдары және 50 мың килограмға жуық сұйытылған көмірсутек газы мемлекет меншігіне өткізілді.

«Қылмыстық топты және сұйытылған газды республика аумағынан заңсыз шығару каналын жою нәтижесінде Жамбыл облысы тұрғындарының көгілдір отынға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге, ішкі нарықтағы тапшылығын қысқарту жолымен оның бағасының өсуін тоқтатуға қол жеткізілді», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар