Қазақстаннан Ресейге қалай ақша аударуға болады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл ресейлік бірқатар банк санкцияға тап болып, SWIFT халықаралық аударым жүйесінен ажыратылған болатын. Сонымен қатар Ресей аумағында Visa мен Mastercard халықаралық төлем жүйесі де істемейді. Қазақстанда жұмыс істейтін ресейлік еншілес банктер де аталған жүйеден ажыратылаған. Дәл осы жайт көрші елмен тығыс байланысы бар қазақстандықтардың да тіршілігіне әсерін тигізіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі ұсынған дерекке сәйкес, көрші елдің жоғары оқу орындарында жне ондағы шетелдік ЖОО-лардың филиалдарында 60 мыңнан астам қазақстандық студент бакалавриатура, магистратура бағдарламалары бойынша білім алып жатыр.

Еліміздегі ірі сауда желілерінің біріндегі тауар түрінің шамамен 10 пайызы Ресейден жеткізіледі. Өзге елдерден келетін импорт түрінің шамамен 40 пайызын да көрші ел арқылы алып отырмыз.

Қазіргі уақытта Visa мен Mastercard төлем жүйесі Ресей ішінде ғана жұмыс істейді. Аталған төлем жүйесінің қазақстандық банк карталары Ресейде жарамсыз.

Қазақстан Елшілігі ақша аудару үшін ресейлік «Мир» ұлттық төлем жүйесін қолдануға кеңес береді. Қазіргі уақытта «Мир» картасымен Қазақстанның төрт банкі, атап айтқанда Halyk Bank, ЦентрКредит банкі, Сбербанк Қазақстан, ВТБ Қазақстан ғана жұмыс істейді.

Қазақстаннан Ресейге ақша аударымын жасау үшін MIR/Unionpay төлем жүйесі бар банктің дебет картасын рәсімдеу қажет. Содан соң банк реквизеттерн Қазақстандағы ата-анасына/туыстарына беру керек. Олар реквизит арқылы ақша қаражатын аудара алады. MIR/Unionpay төлем жүйесі бар дебет картасын санкциялық тізімге енбеген банктердің бөлімшелерінен рәсімдеуге болады.

Қазақстан Ұлттық банкі мәліметінше, қазіргі уақытта клиенттерге Ресейге банктердің (оның ішінде ресейлік еншілес банктер арқылы да) ішкі желілерімен банктік аударым жасау, банктік есепшот ашпай-ақ халықаралық ақша аудару жүйесінің қызметтері, Visa мен Mastercard-тан басқа өзге төлем жүйелерінің төлем карталары арқылы ақша жіберу қызметі ұсынылады.

«Қазақстан мен Ресейдің шаруашылық субъектілері арасындағы үздіксіз есеп айырысуды қамтамасыз ету мақсатында санкциялық шектеулерге енбеген субъектілермен іскерлік қатынас ортау мүмкіндігін қарастырған жөн деп санаймыз», - деп атап өтеді Ұлттық банк.


Соңғы жаңалықтар