Қазақстаннан Өзбекстанға жеткізілетін мұнай көлемі артады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екі ел соңғы жылдары мұнай мен газ саласында айтарлықтай әлеуетті дамытты. Бүгінде мұнай-газ жеткізу секторындағы өзара іс-қимыл жолға қойылды. Мемлекет басшысының 2017 жылғы 16 қыркүйекте Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында екі ел үкіметтері арасында энергетика саласы бойынша негіздемелік келісімге қол қойылды. Осы келісім негізінде екі ел арасындағы мұнай-газ, мұнай-газ-химиясы және электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық дамытылады», - деді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, көрші мемлекеттердің ынтымағы артуы үшін географиялық жағдайлар ескерілді.

«Аталған келісімді ратификациялау біраз мәселені шешуге мүмкіндік береді. Атап айтсақ, мұнай экспортын ұлғайту үшін Өзбекстанға шикі мұнай жеткізу, күзгі-қысқы кезеңде Қазақстанның оңтүстігін табиғи газбен үздіксіз қамту мәселесі шешіледі» - деді министр.

Қ. Бозымбаевтың атап өтуінше, бүгінде Өзбекстанның мұнайға деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 2018 жылы 260 мың тоннадан астам мұнай жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар