Қазақстаннан металл қалдықтарын шығаруға уақытша тыйым салынды
2022 жылғы 12 мамыр 14:02

Қазақстаннан металл қалдықтарын шығаруға уақытша тыйым салынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ел аумағынан қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын шығаруға уақытша тыйым салынды. Шектеуді енгізуге еліміздің қайта өңдеушілері үшін шикізаттың тапшылығы мен өндірістің тиісті деңгейде жүктелмеуі әсер етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов айтты.

«Қазіргі уақытша шектеу – бұл тактикалық қадам. Оның жалпы стратегиясы біраздан бері келе жатқан индустрияландыру саясатына байланысты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы индустрияландыру саясаты аясында барынша дайын өнім шығаруға ерекше мән беріп отыр», - деді Т. Жолмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, металл сынықтарын шекарадан теміржол көлігімен тасымалдауға болады. Ал түрлі түсті металл сынықтары мен қалдықтар үшін толық шектеу енгізілген. Қазіргі кезде қазақстандық қайта өңдеушілерге тіпті ішкі металл айналымы жетіспейді және олар көрші мемлекеттерден импорттауға мәжбүр.

«Негізгі себеп отандық кәсіпорындардың тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеуіне байланысты. Осы орайда қара металл сынықтарын пайдаланатын металлургия секторы мәселесін атап өтуге болады. Олардың жүктемесі тек үштен бір деңгейде ғана. Біздің мақсат – оларды тиісті деңгейде қамтамасыз ету, яғни кем дегенде өндірісті 70-80 пайызға көлемінде жүктеу», - деді ведомство өкілі.

Тұрар Жолмағамбетовтың сөзіне қарағанда, Қазақстанда металл сынықтары мен қалдықтарын негізгі шикізат ретінде пайдаланатын 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл компаниялар өндірісінің жиынтық көлемі 2 трлн теңгеден, ал экспорт 2,5 млрд АҚШ долларынан асады. Аталған кәсіпорындарда 37 мыңнан астам адам еңбек етеді және жылына 119 млрд теңгеден астам салық төлейді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтары түріндегі шикізатты сыртқа шығаруға уақытша тыйым енгізілді.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT