Қазақстаннан Әзербайжанға қай тауар түрлерінің экспортын арттыруға болады

None
БАКУ. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Әзербайжанға барды. Бұл тұрғыда екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру қадамдары ескерілген.

Қазақстан Президентінің Бакуға ресми сапарының аясында бірнеше құжатқа қол қойылды. Соның арасында Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация бар. Екі ел арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама да ескерілген. Мұнымен қоса, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтамақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Осы орайда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымын арттыру әлеуетіне қатысты пікір білдірді.

- Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара сауда әлеуетін қалай бағалар едіңіз? Жалпы, қазіргі сауда айналымы көңіл көншіте ме?

- Былтыр экспорт әлеуеті 332 млн АҚШ доллары көлеміндегі сауда айналымын құрады. Атап айтқанда, 2012 жылы бұл көрсеткіш 480 млн доллар шамасында болған еді. Біз әлі де 2012 жылғы деңгейге жеткен жоқпыз. Менің ойымша, биыл осы көрсеткіш асыра орындалады. Алты айдың қорытындысы бойынша сауда көлемі 194 млн долларға жетті. Бұл тұрғыда Қазақстаннан Әзербайжанға жеткізілетін бидай, азық-түлік, электровоздар мен рельстер және басқа да өнімдер бар.

Былтыр тиісті зерттеу жүргізілген болатын, яғни Әзербайжан сатып алатын тауарлар мен Қазақстан экспорттайтын өнімдер зерттелді. Бакуде сауда миссиясы болып, 38 млн долларға шарттар бекітілді. Ал бүгін келіп түскен мәліметтерге қарағанда, іскерлік кеңес аясында екі компания арасында 11 млн доллар сомасына шарттар бекітіледі. Бұл тұрғыда май өнімдері мен вагондарды жеткізуге қатысты болып тұр. Яғни нақты іске асырылатын шарттар келісілді. Осы орайда Қазақстан экспортын арттыру жоспарланып отыр.

- 2021 жылы Әзербайжанға тиесілі тауар импорты 11,7 млрд АҚШ долларына жетті. Оларға негізінен Ресей (17,7%), Түркия (15,8%), Қытай (14%), Германия (5,4%) және Украина (4%) тауар жеткізеді. Әзербайжан кеден статистикасының мәліметінше, аталған ел нарығына негізгі тауар экспорттайтындар арасында Қазақстан тек 20-шы орында тұр. Бұл көрсеткішке қатысты түсінік берсеңіз ?

- Қазақстан халқының саны 19 миллионнан асса, Әзербайжан тұрғындары 10 миллион адамнан асып отыр. Сондықтан нарық ауқымын ескере отырып, тауар айналымын салыстырған жөн. Менің ойымша, қазіргі кезде тауар айналымы лайықты деңгейде. Сонымен бірге, мұнда тек экономикалық әлеуеттен бөлек, транзиттік әлеует те жүзеге асырылып жатыр. Бұл түсініктерді өзара бөліп қарау керек.

Қазіргі кезде Транскаспий халықаралық көлік бағдары Қытайдан Батыс Еуропаға өнім жеткізу тұрғысында ең қысқа әрі тиімді болып тұр. Осы бағытта өзіміздің транзиттік әлеуетті іске асырып жатырмыз.

- Қазақстанда сұранысы бола тұра, Әзербайжаннан қандай өнімдер елімізге жеткізілмей жатыр деп ойлайсыз?

- Әзірге, нақты айта алмаймын. Қазіргі кезде Әзербайжаннан полиэтилен, полипропилен алып жатырмыз, яғни бұл өнімдер бойынша біздің нарықта сұраныс бар. Әзербайжан автокөлікті сатып алады, негізгі жеткізуші Германия болып тұр. Фармацевтикада өнімдер Ресейден жеткізіледі. Бидай тасымалы да РФ үлесінде. Дегенмен біздің ел мен Әзербайжаның импорты мен экспортында өзара ұқсас тауарлар да кездеседі.

- Әзербайжан нарығында еліміздің қай тауарларының көлемін арттыруды жоспарлап отырсыздар?

- Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарлары мен қайта өңделген өнімдердің көлемін арттырған жөн. Бұл тұрғыда автомобиль, көлік бөлшектері мен ауыл шаруашылығы техникасын қамту керек. Сонымен қатар, өңделген металл өнімін жеткізуді ұлғайтқан дұрыс. Бізге фармацевтика өнеркәсібі желісі бойынша дайын өнімді тасымалдау көлемін арттыру керек.

Айта кейтейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару үшін арнайы миссиямен келгенін айтты. Қазақстан Президенті екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

«Кейінгі жылдары тауар айналымының айтарлықтай, үш есеге жуық өскеніне қуаныштымын. Бірақ бұл, әрине, жайбарақат жүруге негіз емес екенін атап өткім келеді. Сауданы арттыруға мүмкіндіктер бар деп есептеймін. Біздің үкіметтеріміз жақын арада елдеріміз арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек», – деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар