Қазақстаннан Арменияға жіберілген мұнай басқа елдерге сатылса, өтемақы төленеді
2022 жылғы 26 мамыр 10:56

Қазақстаннан Арменияға жіберілген мұнай басқа елдерге сатылса, өтемақы төленеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатында Қазақстаннан Арменияға мұнай өнімдерін жеткізу қағидалары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Парламент Сенатында Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру жөніндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық келісімі ратификацияланды.

«Бұл келісімде ішкі нарықты қорғау мақсатында уәкілетті органның Арменияға тауар әкетуге уақытша шектеу белгілеуге құқығы бар екені регламенттелген. Тауар тасымалдау автомобиль, темір жол және теңіз көлігімен жүзеге асырылады. Келісімнің тағы бір ерекшелігі – Арменияның сатып алынған мұнай өнімдерін үшінші елдерге сату фактілері анықталған жағдайда Қазақстанға өтемақы төлеуге тиіс», - деді Сенат депутаты Бауыржан Қаниев.

Сенатордың айтуынша, келісім Қазақстанның Арменияға АИ-92, 95, 98 маркалы бензинін және дизель отыны сияқты тауарларды жеткізу бойынша жүзеге асыру қажет шарттарды айқындайды.

Сауда-экономикалық және өзара тиімді ынтымақтастық екі тараптың өзара мүдделерін қорғауға негізделеді.

Келісімде аталған тауарларды өндіру көлемі, ішкі тұтыну теңгерімі, импорт пен экспорт негізінде Арменияға тасымалдау жөніндегі құзыретті уәкілетті органдар мен ұйымдар айқындалған.

ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, бұл келісім бақылаудың бірқатар тетіктерін қарастырады.

«Қазақстан ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі нарықты қорғау мақсатында индикативті баланста бекітілген көлем асып кеткен жағдайда, форс-мажор жағдайларында, сондай-ақ Армения өз аумағынан қазақстандық мұнай өнімдерін үшінші елдерге және Еуразия экономикалық одақ елдеріне әкету тыйымы бойынша міндеттемесін бұзған болса, Қазақстан біржақты тәртіппен Арменияға мұнай өнімдерін бажсыз жеткізуді тоқтата және шектей алады. Сондықтан біздің ішкі нарығымыз үшін қауіп-қатер жоқ», - деді Ә. Мағауов.

Айта кетейік, Еуразия экономикалық одақ мүшелері арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа сәйкес жекелеген екіжақты келісіммен реттеледі.

2020 жылғы 16 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған.


Jańalyqtar

MURAǴAT