Қазақстанмен шекарада есірткімен ұсталған шетелдік өмір бойына сотталуы мүмкін

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы арқылы Қазақстанға 400 грамға жуық гашиш кіргізбек болған Ресей тұрғыны шекарада ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, М.Жұмабаев аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшілерімен бірге есірткі тасымалдаушыны ұстады.

М.Жұмабаев ауданындағы «Қарақоға» кеден бекетінде «Toyota Landcruiser» автокөлігін тексеру кезінде машинадан 397,35 грамм гашиш табылған. Рульде 53 жастағы Ресей азаматы болған. Аталмыш факті «Контрабанда» бабымен Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған. Сондай-ақ көлік жүргізушісі рульге есірткіге еліткен күйі отырғандықтан, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

СҚО-да «Дәрмек» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының екінші кезеңі өтті. Оның мақсаты – есірткі және психотропты заттардың заңды айналымын бақылау. Тәртіп сақшылары 5 күн бойы медициналық және фармацевтикалық мекемелерде есірткі заттары бар препараттарды сақтау, пайдалану және жою ережелерінің қаншалықты сақталатынын тексерді.

«Операция барысында есірткі заттары бар препараттарға қатысты заңбұзушылықтарды анықтамасақ та, медициналық маскалардың заңсыз сатылып жатқанының үстінен түстік. Медициналық өнім болғандықтан оны тек дәріханалар ғана сата алады. Медициналық масканы заңсыз сатудың 12 дерегін және дәріханаларда бұл бұйымның бағасын көтеріп сатудың 2 фактісін анықтадық», - дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Иван Терзиди.

Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 3 қылмыстық заңбұзушылық анықталып, 538,76 г есірткі тәркіленді. Жалпы жыл басынан СҚО полицейлері 226 кг түрлі есірткіні айналымнан алды.


Соңғы жаңалықтар