Қазақстанмен көлік-логистика бойынша байланысымызды дамытқымыз келеді - Юрис Погребняк

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Латвия кәсіпкерлері Алматы нарығына қызығушылық танытып отыр, деді бүгін мегаполисте өткен Латвия Республикасы мен Алматы қаласы кәсіпкерлері арасындағы бизнес конференциясында Латвияның Қазақстандағы елшісі Юрис Погребняк.

Бүгінгі конференцияға Латвиядан түрлі саланы таныстыра келген 30-дан аса компания өкілдері өз қызметтерін таныстырды. Нақтырақ айтқанда, көлік-логистика, ақпараттық технология қызметі, қаржылық қызмет, қалалық муниципиалды кәсіпорындар қызметі бойынша компаниялар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  Латвияның Қазақстандағы елшісі Юрис Погребняк екі ел арасындағы сауда айналымын ұлғайту үшін және екі ел кәсіпкерлерінің өзара қарым-қатынасын орнату үшін қалалық әкімдікпен бірлесіп жұмыстар атқарып жатқанын айтты. 

«2016 жылы Қазақстан мен Латвия арасындағы сауда айналымы 122 млн еуроны құрады. 2015 жылы да сол шамада болған. Біз Қазақстан нарығына азық-түлік өнімдері мен фармацевтика мен көлік жасау өнімдерін жеткіземіз. Ал Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін аламыз. Сонымен қатар, Қазақстан темірі де Латвияға жеткізіліп жатыр. Бізде Латвияда 204 біріккен кәсіпорындар бар. Бұл біздің арамыздағы бизнестің жүріп жатқанын дәлелдесе керек. Қазақстанмен азық-түлік, көлік-логистика, жасыл технология, ақпараттық технология, қаржылық, білім саласындағы қарым қатынасын дамыта түсу қажет деп санаймыз. Біздің кәсіпкерлеріміз Алматы нарығына қызығушылық танытып отыр», - деді Латвия Республикасының Қазақстандағы елшісі Юрис Погребняк.

Латвия Республикасы мен Алматы қаласы кәсіпкерлері конференциясы 5-8 сәуір аралығында өтеді.

Айта кетейік, Латвия Республикасының территориясы  64 573 шаршы шақырым, 2016 жылдың 1 қаңтарындағы санақ мәліметі бойынша елде 2 млн халық тұрады.  

Соңғы жаңалықтар