Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастық деңгейі жоғары – Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі

None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев ведомство жұмысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында қырғыз-қазақ ынтымақтастығының нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қырғызстан мен Қазақстан арасында саяси қайшылықтар жоқ. Қазақстанмен одақтас екіжақты қарым-қатынастар одан әрі дами береді. 2022 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары барысында екіжақты өзекті мәселелердің барлығы талқыланып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға басты назар аударылды. Екі ел арасындағы тауар айналымының көлемін арттыру мүмкіндігі талқыланды. Сонымен қатар, қырғыз-қазақ шекарасында өнеркәсіптік сауда және логистикалық орталықтар құрылуда, оларға қаржыландыру мен жер телімдері белгіленеді. Биыл қазақстандық компаниялар құрылысты бастайды. Бұл фермерлерге сауданы өркениетті түрде жүргізуге мүмкіндік береді», - деді Сыртқы істер министрі.

Қырғыз Республикасыныі Сыртқы істер министрлі мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың нәтижелеріне де тоқталды.

«2022 жылдың қазан айында Қазақстанда өткен Қырғыз Республикасының мәдени күндері аясында Қырғыз киносының күндері өтті. Іс-шараның ресми ашылу салтанатына екі мемлекет басшылары Садыр Жапаров пен Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишель қатысты. Білім саласындағы ынтымақтастық үшін Қазақстан Республикасы өткен жылы жыл сайынғы білім беру гранттарының санын 10-нан 50 орынға дейін арттырды», - деді қырғыз елінің министрі.

Министр Ж.Қулубаев Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастың деңгейін жоғары бағалап, басшылық пен халық арасында үлкен перспективалар мен түсіністік бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, екі елдің министрліктері мен ведомстволары екіжақты ынтымақтастықты дамыту жұмыстарын жандандыруы қажет.


Соңғы жаңалықтар