Қазақстанмен арамыздағы байланыстың барлық салада жоғары деңгейге көтерілуі, біз үшін үлкен қуаныш - Түркия Президенті А.Гүл

None
None
СТАМБҰЛ. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/ - Қазақстанмен арамыздағы ортақ тіл, мәдениет және құндылықтардан қуат алатын байланыстарымыздың барлық салада жоғары деңгейге көтерілуі, біз үшін үлкен қуаныш.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Елбасына жолдаған құттықтауында Түркия Республикасының Президенті Абдулла Гүл осылай атап өтті.

ҚазАқпарат құттықтаудың мәтінін таратады.

Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мырзаға

Құрметті Президент, қымбатты бауырым!

Жоғары Мәртебелі Сізді және бауырлас қазақстан халқын дос және бауырлас ел - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен жеке өзімнің және түрік халқының атынан шын жүректен құттықтаймын!

Бауырлас Қазақстанның, тәуелсіздігін алғалы бері өткен 20 жылдық мерзімде Аса Мәртебелі Сіздің көреген жетекшілігіңіздің арқасында егемендігін нығайтып, экономикасын күшейтуіне және халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесіне айналуына қуана - қуана куә болдық. Бұл жетістіктерді мақтан тұтамыз.

Қазақстанмен арамыздағы ортақ тіл, тарих, мәдениет және құндылықтардан қуат алатын байланыстарымыздың барлық салада жоғары деңгейге көтерілуі біз үшін үлкен қуаныш. Стратегиялық әріптестік дәрежесіне жеткен екі жақты қарым-қатынасымыздың алдағы кезеңдерде де өзара мүдделер негізінде одан әрі арта түсетініне нық сенімдімін.

Осы сәтті пайдаланып, Жоғары Мәртебелі Сізге денсаулық пен бақыт, дос және бауырлас Қазақстан халқына амандық және гүлдену тілеймін.


Түркия Президенті Абдулла Гүл

2011 жылғы 16 желтоқсан, Анкара қаласы

Соңғы жаңалықтар