Қазақстанға жыл сайын су тасқынынан 419 млн доллар шығын келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл сайын болатын төтенше жағдайлардан Қазақстан экономикасына шамамен 477 млн доллар шығын келеді. Оның 419 млн доллары су тасқыны салдарынан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығының биылғы есебіне сәйкес, су тасқынынан болатын орташа жылдық шығын – 419 млн доллар. Бұл жер сілкінісінен болатын зардаптан 7 есе артық.

Қазақстанның барлық аймақтарында су тасқыны қаупі бар. Олардың орта есеппен алғандағы шығыны 30 млн доллардан асады. Ал, тасқыннан ең көп көлемде зардап шегетін өңір – Қызылорда облысы. Аймақтың жылдық шығыны – 60,7 млн доллар. Одан кейін Батыс Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстары тұр. Оларға жыл сайын келетін зардап 40 млн доллардан асады.

Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккен адамдардың орташа жылдық саны – шамамен 156 мың адам. Құрбандар ең көп Ақмола (22 мың адам) және Қызылорда облыстарында (19,4 мың адам) тіркеледі.

Сонымен қатар, жер сілкінісінен болатын шығындар да аз емес. Келетін жылдық зардап – 57,6 млн доллар. Оның 46,8 млн-ы Алматы облысына, 8,9 млн-ы Түркістан және 1,6 млн доллары Жамбыл облысына тиесілі.

Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығының дерегінше, жыл сайын жер сілкінісінен 44 мыңға жуық қазақстандық зардап шегеді.


Соңғы жаңалықтар