Қазақстанға жыл басынан бері 6 мыңнан астам адам көшіп келген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл қаңтар-мамыр аралығында елімізге тұрғылықты тұруға 6 227 адам келген. Ал, осы уақыт ішінде 9 034 адам Қазақстаннан шет мемлекеттерге кеткен. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылғы қаңтар-мамырда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің саны – 6 227 адам, елімізден кеткендердің саны – 9 034. Көші-қон айырымы – 2 807 адам», - делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.

Статистикаға сәйкес, еліміздегі негізгі көші-қон процессі ТМД мемлекеттерімен байланысты. Биылғы 5 айда ТМД елдерінен келгендердің көші-қон үлесі – 85,1 пайыз, ал аталған мемлекеттерге елден кеткендердің үлесі – 81 пайыз.

Ұлттық статистика бюросы ішкі көші-қон деректерін де жариялады. Оған сай, үш өңірде динамика бар. Олар: Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары. Мәселен, бес ай ішінде Алматыға 14 481 адам көшіп келсе, елорда 12 783 адамға толыққан. Ал, Шымкент территориясына 1 773 қазақстандық көшіпті.

Айта кетейік, бұған дейін көші-қон заңнамасын бұзған 98 шетел азаматы елден шығарылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар