Қазақстанға жеткізілетін шетелдік дәрі-дәрмектердің сапасы қалай қадағаланып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізге жеткізілетін шетелдік дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігі қалай қадағаланып жатыр? Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР ДСМ Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын ұлттық сараптау орталығы бас директорының міндетін атқарушы Қанат Ержанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің орталық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар саласындағы мемлекеттік сараптау ұйымы болып табылады. Яғни, Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін дәрілер мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Басқа сөзбен айтқанда, дәрілік препараттар мен дәрілік бұйымдардың қазақстандық дәріханалардың сөрелеріне түсуіне дейін біз оларды кешенді сараптамадан өткізе отырып, қауіпсіздігін, тиімділігін және сапасын, сондай-ақ белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалаймыз», - деді Қанат Ержанов.

Оның айтуынша, ұлттық орталық дәрі-дәрмекті үш сатыдан тұртын тексерістен өткізеді. Олардың біріншісі - бастапқы сараптама, екіншісі - мамандандырылған сараптама, ал үшіншісі - зертханалық сынақ. Ұлттық орталықтың облыстарда зертханалары бар.

Қанат Ержанов өз сөзінде атап өткендей, ұлттық орталық былтыр Еуразиялық экономикалық одақтың фармацевтикалық нарығына шығу мақсатында ауқымды жұмыс жүргізген. Осының нәтижесінде Қазақстан ЕАЭО елдерінің аумағында медициналық бағытта қолдануға арналған дәрілік препаратқа бірінші тіркеу куәлігін берген. Сонымен қатар, ЕАЭО шеңберінде Қазақстан 2018 жылы референтті мемлекет ретінде дәрілік заттар сараптамасын жүргізуге шетелдік және отандық фармакологиялық өндірушілерден 23 өтінім қабылдаған.

«2018 жылы біздің орталық барлығы 6,5 мыңнан астам дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама жасады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көбірек. Сонымен бірге, орталық қызметкерлері 63 мыңға жуық медициналық өнімнің қауіпсіздігі мен сапасы туралы қорытынды берді», - дейді Қанат Ержанов.

Соңғы жаңалықтар