Қазақстанға визасыз қатынайтын мемлекеттер тізімі ұзартылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы Қазақстанға визасыз қатынайтын мемлекеттер тізімі ұзартылмақ. Мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісінде вице-министр Ғабидолла Әбдірахымов осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы біз визасыз кіре алатын елдердің тізімін 74 елге жеткіздік. 105 елдің азаматтары үшін электронды виза енгізілді. Пилоттық режимде Қытай мен Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз транзит пайда болды. Шекара бекеттерін модернизациялау басталды. Шетелдік авиакомпанияларды еліміздің 11 қаласына келіп, жолаушыларды қабылдай алатындай етіп іске қосуды бастадық (Open Sky режимі) «, - деді алқа мәжілісі барысында Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов.

Оның айтуынша 2021 жылы визасыз кіре алатын елдердің тізімін 90-ға дейін кеңейту жоспарланған. Электронды виза алу процесін жеңілдету үшін шетелдіктерге визасыз режим ұсынысы да дайындалуда.

«Сонымен қатар біз 160 қонақүйде пилоттық режимде E-Qonaq жүйесін енгізуді аяқтадық. Енді осы жүйенің арқасында кез-келген шетелдік туристке бөлек тіркелудің қажеті жоқ. Мұның бәрі азамат қонақ үйге кіріп үлгерген кезде автоматты түрде болады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар