Қазақстанға шетелдіктердің сапарын рәсімдеу тәртібі жеңілдейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанға шетелдік туристер шақыртусыз келуі мүмкін. Бұл туралы бүгін «Атамекен» ҰКП алаңында Қазақстанда туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстыру кезінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрінің кеңесшісі Еркебұлан Хасенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұсынылған келесі шара - ол визалық режімге қатысты. Бұл ретте электрондық  визаны алу аясында шетелдік туристер үшін шақырту тәртібінен бас тарту ұсынылады. Осыған дейін хабарланғандай, жыл соңына қарай Қазақстанда E-visa қанатқақты жобасы іске қосылады. Оған сәйкес, 128 елдің азаматы елімізге келуге рұқсатты электрондық тәсілмен алады. Әрине, бұл қадам оңтайлы болады. Алайда шетелдіктер үшін шақырту тәртібінен бас тартпасақ, аталған қанатқақты жоба тек визаны алу процесін автоматтандыру мақсатын ғана орындайды. Сондықтан біз шақырту режімін жоюды талап етудеміз. Құқық қорғау органдары бұл ұсынысқа қарсылық танытуда. Егер де «E-hotel» ақпараттық жүйесін жаппай енгізсек, онда құқық қорғау органдары шақырту тәртібінен бас тартуға келісіп отыр», - деп тоқталды Е. Хасенов.

Оның айтуынша, Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиев аталған ұсынысқа қолдау білдірген. Осы орайда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе «E-hotel» жүйесін әзірлеуді пысықтау тапсырмасы берілді. Сонымен бірге, Инвестициялар және даму министрлігіне шетел азаматтары бойынша әуе тасымалдаушылардан мәліметтер ұсынуға қатысты тапсырма берілген. Осы мәліметтер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарына қажет.

«E-hotel енгізілсе, онда ҰҚК мен Ішкі істер министрлігіндегі әріптестер шетелдіктердің тек шақыртумен келуі тәртібінен бас тартуға әзір. Бүгінде Қазақстанға келу үшін кез келген шетелдік шақырту алуға бір адамды немесе туроператорды табуы керек. Сәйкесінше, бұл рәсімдер белгілі бір уақытты талап етеді. Соның салдарынан туристер бұл рәсімдерден қашып, Қазақстанға сапарлауға ниетті болмайды», - деді Е. Хасенов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанның туристік жерлерін жарнамалауға қажетті қаржы шетелдік туристерге салынатын алымның есебінен өндіріледі.

 

Соңғы жаңалықтар