Қазақстанға ресейліктер ағылып келгеннің өзінде жағдай бақылауда болады - комитет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанға Ресей азаматтарының екінші толқыны келе ме? Бұл сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндеті атқарушы Ілияс Испанов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы Ресейде азаматтарды ішінара мобилизацияның бірінші толқыны болды. Біз Қазақстанға келген ресейліктердің ағынын байқадық. Оның дені - әртүрлі себепgен мобилизацияға қатысқысы келмеген азаматтар. Иә, бір мезгілде бірден көп адам ағылып келді. Ал қазір жағдай штаттық режимде. Күн сайын елімізге 7 ресейлік келіп-кетеді»,- деді Ілияс Испанов ОКҚ-де өткен брифингіде.

Спикердің сөзіне сенсек, ресейліктердің былтырғы легінен кейін процесті бақылау механизмі реттелді.

«Ресей азаматтарының шекарадан өтуінен бастап, тоқтаған жеріне дейінгі процесс автоматтандырылды. Олар елімізде жүріп-тұру үшін уақытша тіркеуден өтеді. Өткен жылы келген ресейліктер Еуразия экономика одағы елдері арасында қабылданған жаңа ережеге сәйкес Қазақстанда 90 күннен артық бола алмайды. Осылайша аталған ел азаматтарына Қазақстанда белгіленген мерзім ішінде ғана болу тәртібін ескертеді. Елімізге Ресей азаматтары ағылуының екінші легі басталғанның өзінде транзитті қамтамасыз етеміз. Шекаралық және басқа да құзырлы органдар өткен жылғы жағдайдан біраз сабақ алды. Жағдай бақылауда болады», - дейді комитет басшысы.

Еске салсақ, былтыр күзде көші-қон комитеті Қазақстанға күнделікті келетін ресейліктер саны 2 есе артқанын хабарлаған еді.


Соңғы жаңалықтар