Қазақстанға Қытайдан жүк тасымалдаудың жаңа бағыты ашылды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Egov.kz туралы: Моңғолиядағы Қазақстан азаматтарының назарына - Kaznews

Осы аптада Kaznews порталы «Электрондық үкімет – Egov.kz» қызметтері туралы Моңғолиядағы ҚР азаматтарына ақпарат таратты. Қазақстан Республикасының азаматтары қазіргі дүниежүзілік пандемия және әлеуметтік қашықтықты ұстау жағдайларын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі ҚР-ның барлық азаматтарына бірқатар мәселені еске салады.


Аталған БАҚ-тың дерегінше, «Egov.kz – электрондық үкімет» порталы арқылы көптеген мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта Моңғолияда жүріп-ақ ала алады. Сондай-ақ, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 87% -дан астамы «Egov.kz» сайтында қол жетімді екенін атап өтіледі. «Аталған сайтта мемлекеттік қызметтерді алғаннан кейін сіз өзіңіздің мәртебеңізді растау үшін тиісті құжатты немесе анықтаманы (мысалы: соттылығы, отбасылық жағдайы және т.б. анықтамалар) шет мемлекеттің жергілікті органдарына бере аласыз. «Egov.kz» арқылы берілген анықтамалардың аудармасын және түпнұсқалық көшірмесін Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінің Консулдық бөлімінде алдын-ала растау қажеттігін ескеруді сұраймыз», деп мәлімдейді Kaznews порталы.

Қазақстанға Қытайдан жүк тасымалдаудың жаңа бағыты ашылды - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

2020 жылдың 17 қарашасында Қытайдың оңтүстік-батысындағы Чуңчиң қаласының Нанпың трансшекаралық орталығынан жүк көлігі Қазақстанға қарай тұңғыш рет жолға шықты деп хабарлайды Қытайдың « Орталық халық радиосы «.


Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, логистикалық орталық сейсенбіде Қазақстанға өзінің алғашқы трансшекаралық бағытын ашты. Бүгінгі күнге дейін бұл автомобильдік жүк тасымалы бойынша Чуңчиң-Сингапур, Чуңчиң-Мьянма және Чуңчиң-Вьетнам қатарлы бағыттары іске қосылған. Жыл басынан бері, кезекші автомобилдерден жиыны 2325 рет қатынаған. Жалпы жүк құны 1,158 миллиард юаньға(шамамен 176 миллион АҚШ доллары) жеткен.


«Күлтегін» этно-фольклорлық ансамблі қазақтың көне аспаптарын насихаттап жүр - Kaznews

Моңғолиялық «Күлтегін» этно-фольклорлық ансамблі қазақтың көнеден қалған аспаптарын қолданып, халыққа насихаттап жүр. Бұл туралы осы аптада моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталы хабарлаған болатын.

«Күлтегін» этно-фольклорлық ансамблі 2017 жылы құрылған. Туран Ворлд компаниясының директоры Ерболат Әшікұлы топтың бірнеше шығармасын тыңдап, топ мүшелерімен серіктесе жұмыс жүргізуге ниет білдіреді. Сөйтіп, ансамблді 2018 жылдан бері компания жанына алып демеушілік жасап келеді.

Kaznews порталы «Күлтегін» этно- фольклорлық ансамблінің жетекшісі Еркінбек Мамырханұлы әңгімеге тартқан екен.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, «Күлтегін» тобы ойнап жүрген «Ер Жәнібек», «Күлтегін», «Мен қазақпын», «Ор теке» шығармаларын Еркінбек Мамырханұлы өзі жазыпты. Топтың жетекшісі «Күлтегін», «Рухты ел» шығармаларынан кейін аудиториялары өсіп, әртүрлі іс-шараларға шақырту алып, Баян-Өлгийге келген туристерге тамаша көрініс болғанын айтады.

«Күлтегін тобының «Дербес» телеарнасы түсірген екі бейнебаяны бар. Топ құрамындағы өнерпаздар – бәрі бесаспап, яғни мультиинструменталистер. Бір шығарма ішінде топ мүшелері бірнеше аспапта ойнайды. Топта шертер, домбыра, қыл қобыз, жетіген, дабыл аспаптары, сақпан, дарбука, мүйіз сырнай, тұяқ тас, аса таяқ, шаң қобыз, саз сырнай, сыбызғы, ор теке, шіңкілдек, су сылдырғы қатарлы аспаптарды қолданып, насихаттауда» деп жазады Kaznews.

Иран мен Қазақстанның екіжақты ынтымақтастығын дамыту қажеттігі қуатталды - «Фарс» ақпарат агенттігі

Иран Ислам Республикасының Алматыдағы бас консулы мен Алматы облысының әкімі екі елдің қарым-қатынасын дамыту, әсіресе облысаралық әріптестікті кеңейту қажеттігін қуаттады, деп хабарлайды parstoday.com.

Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, Иранның Алматыдағы бас консулы Мохсен Фағани бейсенбі күні Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен кездесіп, Иран облыстарының Қазақстанның облыстарымен түрлі салада әріптестік жасауға дайын екенін мәлімдеген.

Сондай-ақ Фағани Иранның Еуразия экономикалық одағымен преференциялық сауда келісіміне қол қоюын екіжақты әріптестікті дамытуға жасалған жағдай деп атады.

«Осы кездесуде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Иранмен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларында әріптестік жасау үшін Алматыда өте жақсы әлеуеттер бар екенін айтты», деп мәлімдейді ирандық БАҚ.

Мектепте сынып жетекшілілерінің еңбекақысы өсті - «ӨзА» ақпарат агенттігі

Мемлекет басшысының жарлығымен 1 қарашадан бастап Өзбекстан мектептеріндегі сынып жетекшілері үшін қосымша төлемдер мөлшері көбейтілді, деп хабарлайды « ӨзА « ақпараттық порталы.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, сынып жетекшілігі үшін берілетін қосымша төлемдер ең төменгі жалақының пайыздық мөлшерлемесі бойынша төленеді. 15 оқушыға дейін - 26,4%, 16-дан 20 оқушыға дейін - 31,6%, 21-ден 25 оқушыға дейін - 36,9%, 26-дан 30 оқушыға дейін - 42,1%, 31 және одан көп оқушы болғанда - 52,8%-ды құрайды.

Сынып жетекшілігі үшін берілетін қосымша еңбекақы жалпы білім беру мекемелерінің барлық түрлеріне, соның ішінде барлық типтегі интернат-мектептеріне де қатысты екен.

Түркістаннан ең алғашқы шетелдік рейс Түркия еліне ашылады - TRT

Түркістан халықаралық әуежайынан ең алғашқы шетелдік рейс Түркия еліне ашылатыны туралы ақпаратты осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы да хабарлады.

Түркиялық БАҚ Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің мәлімдемесін негізге алған.

Айта кету керек, Рейстердің ашылуы пандемияға байланысты екені белгілі. Бұл туралы облыс әкімі хабарлаған болатын.

«Пандемия сәл бәсеңдесе бірінші Түркияның Стамбул қаласына рейс ашылады. Одан кейін Меккеге ашылуы мүмкін. Оны енді уақыт көрсетеді. Ал 1 желтоқсаннан бастап күнделікті ішкі рейстерді бастаймыз. Бұған да пандемия әсер етуі мүмкін. Бірақ бастаймыз», деген Өмірзақ Шөкеев.


Соңғы жаңалықтар