Қазақстанға Қырғыз тарапы су бермей қояды деген қауіп жоқ - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Қырғызстан тарапынан келетін судың көлемі өзгермейтінін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қырғыз тарапының депутаттары шекарадағы сауда қатынасы реттелмесе, Қазақстанға тиесілі суды қысу керек деген мәселе көтергені айтылып жүр. Шынымен де сондай тәуекел бар ма», - деп сұрады БАҚ өкілі министрден.

Ведомство басшысының айтуынша, ресми деңгейде ондай мәселе күн тәртібіне қойылып отырған жоқ.

«Қырғыз Респбуликасына су ресурстары бойынша қаншалықты тәуелдіміз дегенге келсек, расымен тәуелділік бар. Негізінен Қырғызстан аумағындағы Тоқтағұл су қоймасынан келетін суға тәуелдіміз. Қырғыздармен арада келісім бар. Олардың бізге бөлуі тиіс су көлемдері бойынша ешқандай тәуекел немесе қауіп көріп тұрған жоқпыз. Қырғыздар бізге су бермей қояды деген мәлімет бізде жоқ», - деді ол.

Сондай-ақ, министр осы айдың 20-сы күні Тараз қаласында Шу және Талас өзендерінің бойындағы су шаруашылығы нысандары бойынша мәжіліс өткенін еске салды.

«Бұл өзендерге Жамбыл облысының сумен қамтамасыз етулі мәселесі тәуелді. Ол жерде біздің мамандар қырғыз әріптестерімен кездесті. Нақты келісімдер бар. Сондықтан біз қырғыз тарапынан тиесілі суды алмай қалуымыз мүмкін деген тәуекел жоқ», - деді Серікқали Брекешев.

Сондай-ақ, бүгінгі Үкімет тырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев орнын отандық өніммен ауыстыруды қажет ететін импорттық тауралардың 3 санатын атады .


Соңғы жаңалықтар