Қазақстанға күнделікті келетін ресейліктер саны 2 есеге артты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанға күнделікті келетін ресейліктер саны 2 есеге артты. Бұл туралы ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресей Федерациясы азаматтарының иммиграциясына тоқтала отырып, келесі талдауды атап өту қызықты деп санаймын. 2019 жылы пандемия болмай тұрған кезде Қазақстанға 2 млн 875 мың ресейлік келді. Яғни, сол кезде 3 миллионға жуық адам кірді. Ал биылғы 9 айда бұл көрсеткіш - 1 млн 600 мың. Алайда, Ресей билігінің таяудағы шешімдерінен кейін өткен аптадан бастап Ресей Федерациясынан эмигранттар ағыны көптеген бағыттарда, оның ішінде Қазақстанға да ұлғайды», - деді ол ІІМ баспасөз қызметіндегі брифинг барысында.

Оның дерегінше, осы жылғы 21 қыркүйекке дейін Қазақстанға күн сайын 9-12 мыңға жуық ресейлік келіп, кетіп отырған.

«22 қыркүйектен бастап Қазақстанға олардың саны күніне екі есеге артты. Сондықтан Ресей Федерациясының шекарасы жағынан кептелістер болып жатыр», - деді Аслан Аталықов.

Ол қыркүйекте 40 мыңнан астам ресейлік Қазақстан әуежайлары арқылы басқа елдерге ұшып кеткенін де атап өтті.

«Әуежайларымызды ресейліктер қоныс аудару үшін пайдаланады. Бұл иммиграция ағымының себептерінің бірі саналады. Транзитке келетін болсақ, қыркүйек айының соңғы күндері ғана Қазақстаннан Ресей Федерациясының 40 мыңнан астам азаматы кетті», - деді Аслан Аталықов ІІМ баспасөз қызметіндегі брифинг барысында.

Оның дерегінше, мыңдаған адам Қазақстан арқылы оңтүстік көршілеріміз - Қырғызстан мен Өзбекстанға аттанды. 5 күн ішінде 6 мыңға жуық ресейлік Қазақстан әуежайлары арқылы ұшып шықты.

«Көші-қон бақылауына келетін болсақ, біз мәлімдегендей, заңнама бұл процестерді және шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібін реттейді. Олардың есебі жүргізіледі. Болу мерзімі бақыланады. Көші-қон заңнамасын бұзушыларға көзделген ден қою шаралары қабылданады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар