Қазақстанға қоныс аударған шетелдіктерді бейімдеу орталығынан өтуді міндеттеу керек - депутат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Миграциялық дағдарысты пайдаланып, ел ішін арандатушылардың іс-әрекеттеріне тосқауыл қойылуы тиіс. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан қай заманда да қысым көріп, өз елінен қашып, босқын болуға мәжбүр болған талай халықты өз басындағы қиыншылықтарға қарамастан, құшақ жая қарсы алып, аман алып қалғанына тарих куә. Қазақстан Республикасы өркениетті ел ретінде, Ресей шекарасынан елімізге бас сауғалап, соғыстан қашқан Ресей азаматтарына тағы да пана болды. Ішкі істер министрлігінің кешегі ақпараты бойынша Қазақ еліне 200 мың адам Ресейден келген, 140 мың адам елімізден шыққан. Ал 30 қыркүйекте «Форбс» журналында жарияланған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, жалпы бүгінде елімізде 350 000 мың Ресей азаматы тұрақты тұрып жатыр. Өткен аптадағы көшіп келгендердің басым көпшілігі Астана мен Алматыға, шекаралас облыс орталықтарына орналасуда. Онсыз да ішкі миграцияның салдарынан тұрғындарының саны күрт өскен үлкен қалаларымызға инфраструктуралық және әлеуметтік-экономикалық қысым артып келеді», - деді Б. Дүйсенбинов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, әскер жасындағы ресейлік азаматтардың біздің елімізге жаппай қоныс аударуы бүгінгі посткеңестік ушыққан геосаяси жағдайда халқымызды қатты алаңдатып отыр.

«Еліміздің басты байлығы – ол Тәуелсіздігіміз, жер тұтастығымыз, елдің амандығы мен халқымыздың бейбіт өмірі. Әртүрлі себептермен біздің елімізге қоныс аударуға мәжбүр болған шетел азаматтарының арасынан бүгін Қазақстан өндірісінде қажет, жетіспейтін техникалық, IT саласының және басқа да мамандар өз орындарын тауып, ел экономикасына пайдасын тигізіп, бір кірпіш болып қаланса, оған біз бизнес партиясы ретінде түсіністікпен қараймыз. Алайда олар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына қалтқысыз бағынуға, тіліміз бен салт-дәстүрімізді құрметтеуге міндетті. Сондай-ақ, миграциялық дағдарысты пайдаланып, ел ішін арандатушылардың іс- әрекеттеріне де тосқауыл қойылуы тиіс», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде еліміздің кейбір аймақтарында арандату оқиғалары байқалып отыр.

«Қылмыстық істер қозғап, арандатушылардың алдын шұғыл алып жатқан құзырлы мемлекеттік органдарға ризашылығымызды білдіреміз. Осы орайда Қазақстанда қанша Ресей азаматы бар екенін нақтылап, жауап беруіңізді сұраймыз», - деді Берік Дүйсенбинов.

Сонымен қатар «Ақ жол» партиясы Үкімет жедел түрде тиісті сақтық шараларын қабылдап, мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті тапсырма беруі тиіс екенін алға тартып отыр.

Біріншіден, елімізге келгендердің арасында Қазақстанда қалуға ниет білдірген азаматтар үшін бейімдеу орталықтарын ашу керек.

Оның айтуынша, бұл орталықтарда оларға Қазақстан тарихымен, мәдениеті мен тұрмыс-салтымен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен таныстыру маңызды. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын түсіндіріп, құқықтық кеңес беру, қазақ тілі курстарын ашу және әрбір көшіп келген шетел азаматын бейімдеу орталығынан өтуді міндеттеу қажет.

«Әрбір қоныс аударғанның қос азаматтық фактісі бойынша тексеру және нәтижесі бойынша тиесілі құқықтық шара қолдану керек. Мұнымен қоса, ақпараттық қауіпсіздікті қатаң бақылап, әлеуметтік желілерге, келгендердің чаттарына контент сараптама мен мониторинг жүргізіп, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін және мемлекетіміздің жер тұтастығына, тәуелсіздігімізге күмән келтіретін жазбалардың авторларын ерекше қадағалауға алып, ондай іріткі салушыларды қатаң жауапкершілікке тартып, оларды елден шұғыл шығару қажет деп санаймыз», - деді депутат.



Видеодан алынған кадр


Соңғы жаңалықтар