Қазақстанға келу үшін виза талап етілмейтін елдер санын 100-ге дейін ұлғайту ұсынылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Туристер санын арттыру үшін Қазақстанға кіруде виза талап етілмейтін елдер санын 100-ге дейін ұлғайту орынды. Мұндай ұсынысты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 74 елдің азаматтары үшін Қазақстанға визасыз келу режимі қалпына келтірілді. Үндістан, Қытай және Иран азаматтары үшін қосымша визасыз режим енгізілді. 28 елмен 113 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілді. Туристер санын арттыру мақсатында Қазақстанға кіру үшін виза талап етілмейтін елдер санын 100-ге дейін ұлғайтуды орынды деп есептейміз», - деп атап өтті комитет төрағасы.

Бұдан бөлек, Дастан Рыспеков 5 халықаралық бағыт бойынша әуерейстердің саны артатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, Ресейге – 8, Моңғолияға – 2, Қытайға -10, Үндістанға – 4 және Францияға 2 қосымша рейстер ашылмақ.

Еске салайық, бұған дейін шетелдік туристердің еліміздің қай өңірлеріне көп саяхаттайтынын жазып едік. Туризм индустриясы комитетінің дерегінше, өзге мемлекеттерден келгендер Алматы, Астана қалалары мен Маңғыстау облысына жиі сапарлайды .


Соңғы жаңалықтар