Қазақстанға келген шетелдік туристер күніне 100-200 доллар жұмсайды - сарапшы

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанға келетін шетелдік туристердің саны артуда. Бұл туралы SkyWay туроператорының директоры, ішкі және сыртқы туризм жөніндегі сарапшы Әсем Қозбағарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикер Алматыда БАҚ өкілдерімен кездесу барысында мемлекет туристік саланы қолдап, түрлі елдерден қонақтарды барынша көп тарту үшін инфрақұрылымды дамыту керектігін айтты.

«Мен сырттан келетін турист туралы айтқым келеді. Түсінікті болу үшін мысал келтірейін. Қазақстанға келген бір турист күніне орта есеппен, жатын орнын қосқанда 100-200 доллар жұмсайды. Яғни, бұл төрт жұлдызды қонақүйде тұратын қарапайым турист. Әдетте орташа ұзақтығы 3-4 түннен басталады. Елестетіп көріңізші, бір турист өз ақшасын Қазақстанға әкеліп, осында жұмсады, сонымен қатар жұмыс орындарын ашты», - деді ол.

Оның айтуынша, дүниежүзілік туристік ұйымның ресми статистикасы бойынша бір турист 11 жұмыс орнын ашады екен.

«Көптеген мемлекеттердің сыртқы және ішкі туризмді дамытуға инвестиция салуы бекер емес. Бұл әр ел үшін өте маңызды. Сондықтан ірі елдер жарнамаға миллиондаған доллар жұмсайды. Осыған байланысты Қазақстан, өкінішке орай, көп қаржы жұмсамайды. Иә, кейбір шараларды әкімдіктер жүргізеді, бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Сондықтан адамдар біз туралы біліп, қызығушылық танытуы үшін көп жұмыс істеу керек», - деді ол.

Әсем Қозбағарова имиджді насихаттау үшін шетелдік блогерлерді көбірек шақыру керек деп есептейді.

«Мамыр айының басында бізге Сауд Арабиясынан бірнеше блогер келгені есімде. Олар кеткенен кейін бізге сол елден туристер көптеп келе бастады. Блогерлерге рахмет. Мен өзім сол кезде Парсы шығанағында болдым, серіктестермен кездестім, олар маған бізге келген блогерлердің әлеуметтік желілердегі парақшаларын көрсетті «, - деп еске алады ол.

Сонымен қатар, ол карантиндік шектеу шаралары жойылғаннан кейін Қазақстанға туристер ағыны артқанын атап өтті.

«Байқасаңыз, қазір Алматыда БАӘ, Үндістан, Парсы шығанағы елдерінен келген туристер жүреді. Қазақстанға негізінен орташа табысы бар туристер келеді. Оны өзіміз де бақылап, көріп жүрміз. Оларды негізінен Қазақстанның табиғаты мен ауа райы қызықтырады. Десекте, пайызға шаққанда туристер саны өте аз. Негізінен туристер Әзірбайжан, Армения, Грузия, Түркияға көбірек барады. Біз бұл елдерден артық болмасақ, кем түспейміз. Біз шетелдің қонақтарға бәсекелестерімізге қарағанда жақсы қызмет ұсына аламыз», – дейді Әсем Қозбағарова.

Спикердің сөзінше, шетелдік туристер көбінесе Алматы, Нұр-Сұлтан, Бурабай, Қазақстанның оңтүстігіне және Ақтау қаласына барады.

«Олар басқа жерлерге бармайды. Тіпті Алматыға да шетелдік туристер келе бермейді. Салыстыру үшін 2019 жылды алайық. Әзірбайжанға араб елдері мен Парсы шығанағынан 200 мыңға жуық турист келді.Ал Қазақстанға араб елдерінен келген туристердің саны 25 мыңнан асқан жоқ. Яғни, айырмашылық орасан зор», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар