Қазақстанға келген ресейліктердің 65 пайызы басқа мемлекеттерге кеткен

2022 жылғы 28 қыркүйек, 13:57
Қазақстанға келген ресейліктердің 65 пайызы басқа мемлекеттерге кеткен

АСТАНА. ҚазАқпарат – Соңғы аптада Қазақстанға келген ресейліктердің заң бұзғаны туралы мәлімет тіркелмеді. Бұл туралы Мәжілісте тілшілер сауалына жауап беру кезінде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресейден келіп жатқан адамдар туралы мәліметтер күн сайын өзгеріп жатқанына тоқталған ол: «Шекара қызметінде нақты деректер бар. 100 мыңға тарта адам келсе, бүгінде 65 пайызға жуығы елден шықты. Кешегі дерек бойынша 64 мыңнан астамы елімізден тыс аумаққа кетті», - деді.

Сонымен қатар тілшілер жұмыссыз шетел азаматтарының әрекетінен қылмыстың артуы қаупіне қатысты сұрақ қойды.

«Осы аптада елге келген адамдардың қылмыс жасау дерегі тіркелмеді. Негізінен заң талаптарына бағынатын адамдар келіп жатыр және олардың өздерінде қаражаты бар. Егер олар қылмыс жасаса, онда тиісті шаралар қабылданады. Заң бәріне бірдей екенін білесіздер. Көші-қон заңнамасының талаптарын орындамаса, онда ел аумағынан шығарылады. Ал қылмыстық әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылады», - деді М. Қожаев.

Оның айтуынша, елге келіп жатқан шетел азаматтарына қатысты тиісті тіркеу жүріп жатыр.


Теги:
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar