Қазақстанға келген ресейліктер азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндірмейді – Сауда министрі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Соңғы аптада Қазақстанға келген ресейліктер еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етпейді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізге келген және осында қалған адамдарды есепке алсақ, олардың саны аса көп емес. Яғни бұл адамдар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ете қоймайды. Өңірлер бойынша біршама диспропорция болуы мүмкін. Атап айтқанда, біз осы мәселені шешіп жатырмыз», - деді С. Жұманғарин Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Министр осы мәселеге қатысты мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен тиісті кеңес өткізгенін атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 28 қыркүйек күні Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Қазақстанға келген ресейліктердің 65 пайызы басқа мемлекеттерге кеткенін айтты.

«Шекара қызметінде нақты деректер бар. 100 мыңға тарта адам келсе, бүгінде 65 пайызға жуығы елден шықты. Кешегі дерек бойынша 64 мыңнан астамы елімізден тыс аумаққа кетті», - деді М. Қожаев.


Соңғы жаңалықтар