Қазақстанға қайта келгеніме қуаныштымын - канадалық теннисші

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанға қайта келгеніме қуаныштымын. Astana Open ATP 500 турнирінің 8-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссим осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Феликс, Қазақ еліне қош келдің! Астана қалай қарсы алды?

- Өте жақсы. Мұнда мені және командамды адамдар жылы қабылдады. Олардың бәрі де қайырымды, қонақжай екен.

- 2018 жылы Алматыда челленджер турнирінде ойнағаның есіңде ме?

- Иә, жадымда, онда мен 18-де ғана едім, ұмытпасам, алғашқы айналымда ұтылып қалдым, тек қарсыласым есімде қалмапты.

- Сербиялық Никола Милоевичке 4:6, 6:1, 5:7 есебімен есе жібердің ғой.

- Ок, енді ұмытпайтын болдым.

- Сен биыл түрлі жарыстарда жақсы табыстарға қол жеткіздің. Аустралия ашық чемпионаты, Мадрид, Рим, Цинциннати, Монреаль турнирлерінің ширек финалында ойнадың. Марсельде (ATP 250) финалға шықтың. Ал Роттердамда (ATP 500) чемпион атандың. Енді Астанадан не күтесің?

- Astana Open ATP 500 жарысының құрамы өте күшті. Мен мұнда барынша сәтті өнер көрсетуге тырысамын. Мықты ойыншылар келді, қалғанын ойын көрсетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанада Александр Недовесовтің әлемнің 69-ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ теннисші Тимофей Скатов Лиссабон турнирінің финалына өте алмады.

Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко Буэнос Айрес 2 (Аргентина) челленджер жарысының финалынан тыс қалды.

Ол жартылай финалда жергілікті теннисші Камило Уго Карабеллиге жол берді - 2:6, 1:6.


Фото: ktf.kz





Соңғы жаңалықтар