Қазақстанға инвестиция құйған шетелдіктер иммигрант визасын және 10 жыл тұруға рұқсат алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ел экономикасына 300 мың доллардан артық инвестиция құйған шетел азаматтарына иммигрант визасы берілмек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында шетелден бизнес инвестицияларды тарту мәселесін көтерді. Осы орайда Президент тапсырмасына сәйкес, шетелдік бизнес инвестициясын көбірек тарту мақсатында, процесті жеңілдету жағы қаралып жатыр. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан экономикасына 300 мың доллардан артық инвестиция құйған шетел азаматтарына жаңа яғни иммигрант визасын беру», - деді Ілияс Испанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, иммигрант визасын алған шетелдіктерге елімізде 10 жылға дейін тұруға ықтияр хат беру жағы да қаралып жатыр.

«Бізде шетел азаматтарына инвестициялық виза берудің мүмкіндігі мол. Себебі олар елімізде жаңа жұмыс орындарын ашады және қазынаға салық төлейді», - дейді ол.

Бұған дейін Еңбек министрлігінің өкілі елімізге шетелдік жұмыс күшін тарту жағдайымен таныстырған еді.

1 сәуірдегі дерекке сәйкес елімізде 14 417 шетел азаматы жұмыс істеп жатыр.


Соңғы жаңалықтар