Қазақстанға импортталатын еттің басым бөлігі тексерілмейді - Есеп комитеті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшелері шекараның арғы жағынан келетін еттің арнайы тексерістен өтпей жатқанын анықтады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Шынымды айтсам, біз барлық импорттық өнімдер тексеріліп тұрады деп ойладық. Сөйтсек, ол өнімнің тек 5-6 пайызы ғана тексеріледі екен. Демек, қалған 94 пайызы ешбір тексеріссіз келеді. Бізде нақты статистика да бар. 2014 жылы қой етінің бір ғана партиясы тексерілді. Сондай-ақ балықтың жеті партиясы, шошқа етінің тоғыз партиясы және құс етінің тек отыз екі партиясы ғана тексерістен өткен. 2015 жылда қой етін мүлдем тексерген жоқ. Шошқа етінің үш партиясы тексерілді. Болды. Осы орайда біз азық-түлік қауіпсіздігі бар деп айта аламыз ба?", - деп сұрады комитет төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин бүгінгі отырыс барысында.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері аталған мәселенің орын алғанын мойындады. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті басшысының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолдановтың айтуынша, шынымен де, 2014-2015 жылдары ет тексерісі қарастырылмаған. Дегенмен, ағымдағы жылда ондай тексеріс бар.

"Қазақстанға жеткізілетін өнімнің тек 6 пайызы ғана тексеріледі. Алайда екі жылдың ішінде сіздер осы мақсатта 340 млн. теңгені жаратып тастадыңыздар. Сонда ол ақша қаншалықты тиімді жұмсалды?", - деді Қозы-Көрпеш Жаңбыршин. Ветеринарлық бақылау комитетінің өкілі болса, келесі жолы ондай кемшіліктерге жол берілмейтінін жеткізді.

Айта кетейік, Есеп комитетінің бүгінгі отырысында "Агробизнес - 2020" бағдарламасына жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижесі де жарияланды. Бағдарлама аясында қыруар қаржы тиімсіз жұмсалды. Миллиардтаған ақшаға салынған құрылыс нысандары әлі күнге дейін қаңырап бос тұр. Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қымбат қондырғыларды не үшін сатып алғанын түсіндіре алмады. 

Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстана бөлінген бюджет қаражатының аудиті қаралды. Осы мәселе бойынша есеп берген Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Есеп комитетінің мүшелерін алдай алмады.  Комитет мүшелері Оңтүстік Қазақстанда балабақшаларды жобалау кезінде лифт орнатуды да жоспарланғанын анықтаған. 

Соңғы жаңалықтар