Қазақстанға есірткі алып өтпек болған жолаушы анықталды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Өзбекстанмен шекарадағы «Жібек жолы» бақылау бекетінде Қазақстанға есірткі алып өтпек болған шетелдік ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне ҚР ҰҚК Шекара қызметінен «Жібек жолы» бақылау бекетінде Өзбекстан Респубикасынан Қазақстанға есірткі затын алып өтпекші болған ер адамның анықталғаны жөнінде хабарлама түседі.

Оқиға орнына тез арада жедел уәкілдер жетіп, тексеру барысында «Кольт» атты қызметтік иттің белгі беруімен шетелдіктің киімінің қалтасынан сіріңке қорабына салынған есірткіге ұқсас зат табылды.

Тәртіп сақшылары айғақты затқа сараптама тағайындады. Зерттеу қорытындысы бойынша ол «гашиш» есірткісі болып шықты.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алынған заттардың немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркелді.


Соңғы жаңалықтар